26 жастағы кәсіпкер Тасқын Мырзаның “Myrza brands” деген кәсібі бар. Ол қазақы нақыштағы заманауи киім сатады. Көбіне ерлерге арналған көкірекше, шапан, тақия, жейде, ал әйелдерге арналған киімдерді арнайы тапсырыс бойынша тігеді, жібек орамалдар жасап шығарады. Тасқынның өз дүкені, тіпті сол киімдерді тігетін арнайы цехі бар.
“Мамандығым бойынша оператормын. Жеті жыл кино саласында істедім. “Алмас Қылыш”, “Қазақ хандығы”, “Томирис” сияқты отандық, тарихи фильмдерді түсіргенімізде қазақтың салт-дәстүрлерімен, мәдениетімен, киім үлгісімен жақынырақ танысып, қызықтым. Сол кезде “Неге қазақтың осындай әдемі ұлттық киімдерін замануи стильмен үйлестіріп кимеске?!” деген ой келді. Пандемия кезінде барлық жоба тоқтап қалды, бәріміз үйде отырып, біраз ойлануға уақыт болды. Сол уақытта қазақы нақыштағы заманауи киімнің нарығын қайта жіті зерттедім. Сөйтіп ең бірінші көкірекшемізді тігіп көрдік”, – дейді кәсіпкер.
Тасқын Мырзаның айтуынша, қазір қазақы нақыштағы заманауи киімдерге сұраныс көп. Кейбірі той-томалаққа, енді біреулер күнделікті өмірде киюге алады екен. Бүгінде ол айына 1500-дей шапан сататынын айтады.
“Қазақ ер азаматының көбі ірі келеді. Оларға стандарт өлшемдегі шапанның көбі тура келе бермейтін: біріне жеңі қысқа болып қалса, енді біріне тар болатын. Содан өз цехімізді ашып, әр клиенттің өлшемін алып, тігіп, сатамыз деп шештік. Әрине, бұлай жұмыс істеу қиындау. Есесіне өнімдеріміз сапалы, соның арқасында тұрақты сатып алушыларымыз бар”, – дейді Тасқын Мырза.