ҚОЛДАУЫМЕН ДАЙЫНДАЛҒАН
Stan.kz Ақпарат Агенттігі
Барлық құқықтары қорғалған
“Эй, түйет*бан!": балаңыз кибербуллинг жасаса не құрбаны болса, не істеу керек?
Мектеп кезінде оқушылардың “Эй, түйет*бан, қалайсың?”, “Қортық” немесе “Шіби” деп бірін-бірі келеке етіп, әзілдескенін көрген шығарсыз. Шын мәнінде, бұл – әзіл емес, буллинг. Баланың онлайн жәбір көріп жүргенін немесе өзге біреуді жәбірлеп жатқанын байқасаңыз, не істеу керек? Кибербуллингтің салдары қандай? Stan.kz агенттігі мен Altel байланыс операторы цифрлы қауіпсіздікке қатысты жобасы аясындағы кезекті материалында балалар арасындағы онлайн буллингке, оның салдарына және бұл мәселе заңда қалай қарастырылатынына тоқталады.
Кибербуллинг деген не?
Кибербуллинг немесе онлайн кеңістікте жәбірлеу – бір адамның екінші адамды цифрлы технологияларды қолдана отырып, ұялтуы, мазақ етуі, қорқытуы, қоқан-лоқы жасауы және тағы басқасы. Ол әлеуметтік желілерде, мессенжерлерде, ойын платформаларында және ұялы телефон қосымшаларында болады. Кибербуллингтің түрлері көп, бірақ жалпы алғанда негізгі үшеуі қарастырылады. Олар: кибермоббинг, киберқорлау, киберсталкинг.
2024 жылы мамырда Алматыда мектепте оқитын қыздар ұл баланы ұрып-соғып, оны видеоға түсірген. Дәл осы кезде Ақтөбе облысының 8-сынып оқушысы мектептегі әлімжеттік салдарынан мерт болды. Ал тамызда интернеттебір топ қыздардың бір қызды соққыға жығып жатқан видеосы тарады. Бұл оқиғаның бәрі – биыл елде болған балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллингтің көрінісі. Ал цифрлы заманда кәдімгі өмірден бөлек, онлайн өмірде де кибербуллингке ұшырап жатқан балалар бар. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қазақстандық жасөспірімнің 13%-ы, яғни сегіз баланың біреуі кибербуллингке ұшырайды. Оның ішінде қыздарға қарағанда ұлдар көбірек кибербуллинг құрбаны болған.
Stan.kz агенттігі мен Altel байланыс операторының цифрлы қауіпсіздікке қатысты мақалаларын #желідеқауіпсізбол хэштегі бойынша оқи аласыздар.
Кибербуллингтің салдары қандай?
Қазір мектеп жасындағы балалардың басым бөлігі смартфон қолданатындықтан мектептегі буллинг онлайн кеңістікте кибербуллинг сипатында жалғасады. “Буллинг немесе кибербуллинг” дегенде құрбан мен агрессорды ғана ойлаймыз. Дегенмен мұнда үшінші тарап та бар. Бұл – бақылаушылар. Әдетте олардың өзі де екіге бөлінеді. Бірі – өзі кибербуллинг жасамайды, бірақ агрессордың іс-әрекетін іштей қолдайды. Екіншісі – агрессияны қолдамайды, бірақ өзі сол құрбанның орнында болып қалудан қорыққаннан немесе “мен ештеңені өзгерте алмаймын” деген оймен үнсіз бақылайды. Дегенмен мұндай жағдайда бақылаушының рөлі маңызды. Оның қарсылық білдіргені немесе мәселені шешіп бере алатын ересектен көмек сұрағаны абзал. Себебі агрессияның, кибербуллингтің салдары ауыр болуы мүмкін.

Өкінішке қарай, әдетте мектепте ұлдар арасындағы буллингті көргенде кейбір мұғалім де араласпауға тырысады. Мәселен, жақында елде “НВП ағай” деген қазақстандық фильм жарық көрді. Онда алғашқы әскери дайындықтан сабақ беретін ағай Дархан деген баланы басқа сыныптың балалары ұрып, ақша сұрайтынын көріп қалады. Бірақ “жігіттер ғой, өздері шешіп алады” деп, еш әрекет етпейді. Бұл фильмде НВП ағай үлкен қате жіберді. Ол балалар арасындағы зорлық-зомбылыққа көз жұма қарады. Буллингтің құрбаны болған бала да “мен заявщик емеспін” деп өзінің проблемасын айтпайды. Яғни баланың көбі тек қорыққаннан емес, айналасындағылардың алдын да одан әрі беделі түсіп кетпесі үшін де проблемасын жасырады.

Дегенмен кейін ол кибербуллинг құрбаны болған баламен сөйлесіп, мән-жайды түсініп, оған қолдауын көрсетеді. Осыдан кейін әлгі бала агрессорларға “өзіне бұл әрекеті ұнамайтынын айтып” төтеп береді.
“Мәселен, үйдің үлкен баласы кішісін ұрсып, ұрады. Кішісінің ағасына күші жетпеген соң, ішіндегі ызаны айналасындағы өзге адамдарға шығарады. Кейбір ата-ана баласына жақсы қарайды, бірақ бір-бірімен көп ұрсады. Әкесі анасын жәбірлеуі мүмкін. Бұл да баланың ішінде агрессияның жиналуына себеп болады. Кейбір балаға ата-анасының назары жетпей жатады. Қандай жағдай болмасын, бала өз қажеттілігін өтеу үшін агрессиясын өзінің ортасына әкелуі және өзінің күші жететін адамға көрсетуі мүмкін. Мұны психологияда “пассивті агрессия” деп атайды”, – дейді психолог.
“Ата-ананың өзіне бірнеше күнге, бірнеше айға немесе екі-үш жылға созылатын терапия қажет болуы да ықтимал. Мына нәрсені түсіну керек. Ата-ананың балаға жасайтын ең үлкен жақсылығы – психикалық тұрғыдан сау болғаны. Психикалық саулық физикалық саулық секілді өте маңызды. Көп ересек көптеген аурудың, әрекеттердің шешімі осында жатқанын түсіне бермейді”, – дейді психолог Гүлнұр Палжігіт.
“Өкінішке қарай, біздің қоғам кибербуллингті өзекті мәселе және ауқымды зорлық-зомбылық түрінің бірі деп қарап жатқан жоқ. Дегенмен бала одан физикалық және моральдық, психологиялық тұрғыдан зардабын көруі мүмкін. Мәселен, кибербуллинг құрбаны болған баланың басы, іші ауырып бастайды. Әдетте кибербуллинг көрген бала тез шаршайды, өте көп ұйықтайды немесе ұйықтай алмай қиналады. Оған қоса баланың мектепке барғысы келмеуі, қоғамдық ортаға шыққысы келмеуі, әлеуметтік желіден суреттерін алып тастауы, әлеуметтік желіден өзінің атын мүлдем өшіріп тастауы мүмкін. Кейбірі өзіне сенімсіз, енді біреулері ұялшақ болып қалады. Мәселен, бір баланы сыныптасы желі арқылы мазақ етеді делік. Ол кейін мектепке барғанда да айналасындағылар сол интернеттегі агрессор сияқты ойда деп ойлап, қоғаммен, сыныптастарымен дұрыс араласа алмай қалуы ықтимал. Әрине, кибербуллингті әр бала әртүрлі бастан өткереді, дегенмен ешқайсының түбі жақсы емес”, – дейді психолог.
Гүлнұр Палжігіт
психолог
Кибербуллинг жасаған адам жауапқа тартыла ма?
“Бала тек кибербуллинг емес, оған қоса өмірде қорлық көрсе, Қылмыс іс етіп қарауға болады. Ол кезде сараптама жасалады. Қылмыстық кодекстің 131-бап бойынша, кез келген адамды, оның ішінде бала мен жасөпірімді қорлаған, абыройы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіткен адамға 100 АЕК дейінгi мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін”, – дейді заңгер.
Альбина Бахтиярқызы
заңгер
Кибербуллинг құрбанына қалай көмектесуге болады?
“Бала кибербуллинг құрбаны болғанына кінәлі емес. Мен мектепте психолог болып істеймін. Балаларға “Сендерді біреу жәбірлесе, ең жақын деп санайтын адамдарыңа, сүйікті мұғаліміне, сынып жетекшілеріңе немесе маған келіп айтыңдар” деймін. Бала жақын досына кибербуллингке ұшырап жатқанын айтса, баланың рұқсатын алып, мұғалімнен, ата-анадан, орган өкілдерінен көмек сұраған жөн”, – дейді психолог Гүлнұр Палжігіт.
“Жалпы баладағы агрессия көп жағдайда баланың бір нәрсеге қанағаттанбағанын туындайды. Сондықтан ата-ана барынша баласымен сапалы бірге уақыт өткізгені жөн. Күніне 20 минут сөйлесіп, оның көңіл-күйін, мектептегі күні қалай өткенін, оны не қуантқанын, не жабырқататынын сұрау керек. Бала өзінің қорғаны бар екенін сезуі керек. Оған қоса баланың құқығын шектемей, оның әлеуметтік желіде кімдермен дос екенін, қандай контент тұтынатынын, қандай музыка тыңдайтынын қадағалау керек”, – дейді психолог.
Интернетте өзіңізді немесе балаңызды қалай қорғауға болады?
Бала немесе жасөспірім мектепте буллинг көрсе, ата-анасы мектебін ауыстырып, жаңа өмір бастауға көмектеседі. Дегенмен кибербуллингте мәселе қиындау. Себебі мұнда агрессор экранның ар жағында отырып құрбанды жәбірлейді. Агрессор тоқтаусыз хаттар жіберуі, қоқан-лоқы жасауы, аккаунтын бұзуы, вирустар жіберуі және тағы басқа түрлі айласын істеуі мүмкін. Кибербуллингтің ең басты тағы бір айырмашылығы – аноним түрде зәбір көрсете алатынында, яғни құрбан кімнен қорлық көріп жатқанын білмеуі де мүмкін. Оған қоса, өкінішке қарай, қазір баланы әлеуметтік желі мен интернеттегі орынсыз қарым-қатынастан қорғайтын арнайы бағдарламалар мен құрылғылар жоқ.

Дегенмен интернет кеңістікте бұдан да басқа киберқауіптер бар. Олардан қорғануға болады. Мәселен, Altel байланыс операторы “Тұмар” ұсынады. Бұл – интернеттегі алаяқтардың шабуылынан, вирустардан қорғайтын интерфейс. “Тұмар” жүйесін Altel қолданбасы арқылы (Android немесе iOS үшін) ғана қосып-өшіруге болады. Оның құны – қолданғаннан екінші айдан бастап небәрі 650 теңге.

“Тұмар – киберқауіпсіздікке арналған кешенді шешім. "Тұмар" интернет-трафикті қорғай алады, фишинг пен қауіпті сілтемелерді бұғаттай алады, қажетсіз және зиян контентті сүзгіден өткізеді, интернет-трафикті басқара алады, интернет-трафикті, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалар мен қарт ата-аналардың трафигін басқара алады ( бұл функциялар жақын арада жұмыс істей бастайды), жеке деректерді қорғайды, жеке деректердің тарап кетуіне жол бермейді, алаяқтардың қоңырауларын блоктайды, желідегі уақытты бақылайды, интернет-ресурстар мен қосымшалардың тізімдерін конфигурациялайды, құрылғыны майнинг үшін пайдалануды болдырмайды. “Тұмар” қызметі жарнама блокаторы мен антивирус функцияларын біріктіреді”, – дейді маман.
Әнуар Қаппар
Tele2/Altel компаниясының "Тұмар" қызметінде
product owner Әнуар Қаппар.
Әнуар Қаппардың айтуынша, “Тұмардың” бірегей артықшылығы - ол телефонның жадын алмайтынында, телефонның процессорын жүктемейтінінде. Оған қоса ол құрылғының жұмысын баяулатпайды және адам телефонын ауыстырса да, қызмет көрсете береді.
“Оған қоса бұл жүйе баласының интернеттегі қауіпсіздігін ойлайтын, қажетсіз сайттар мен қолданбаларды қолдануын шектеуге тырысатын, балаларының желіде қанша уақыт отыратынын қадағалап отырғысы келетін ата-аналарға арналған", - дейді Tele2/Altel компаниясының "Тұмар" қызметінде product owner Әнуар Қаппар.
Киберқауіптерден қорғану амалдары болса да, кибербуллинг әлі де өзекті мәселе болып қала береді. Сол себепті бұл тақырыпқа ересектер де, балалар да аса мән бергені және оны болдырмауға тырысқаны жөн. Қоғам да кибербуллингтің зорлық-зомбылықтың бір түрі екенін және онымен күресу керек екенін түсінгені дұрыс.
Кибербуллинг пен қалжыңның айырмашылығы неде?
Кейбір бала өзінің кибербуллингке ұшырап жатқанын түсінбеуі де мүмкін. Себебі көп адам кибербуллинг пен әзілдің арасын ажырата алмайды. Оған қоса ата-аналар да “бала болған соң ойнайды”, “қалжыңдап жатыр” деп балалар арасындағы осындай конфликтіні елемейді. Психологтың айтуынша, адамға басқа адамның оған интернет арқылы айтқан әзілі, сөзі, жазған хаты, жасаған видеосы немесе әрекеті ұнамаса, одан көңілі түссе, жеке шекарасы бұзылғанын сезсе, “бұл маған ұнамайды” деп ескертуі қажет. Агрессор ескертуден кейін де әрекетін қайталаса, мұны кибербуллинг деп айта аламыз. Себебі қалжың кезінде екі тарапқа да көңілді болуы қажет.
Агрессор неге кибербуллинг жасайды?
Психолог Гүлнұр Палжігіттің айтуынша, баланың немесе жасөпірімнің кибербуллинг жасауына ықпал ететін себептің бірі – ересектер. Себебі әдетте мұндай баланың көбі агрессияны отбасында көреді.
Психологтың айтуынша, ата-ана баласында мәселе туындағанын, өзгелерге кибербуллинг жасағанын байқаса, оны сигнал деп қабылдауы керек. Мұндай жағдайда ата-ана баласын психологқа ертіп баруы қажет. Дегенмен тек бала емес, ата-ананың өзі де психологпен жұмыс істегені дұрыс. Себебі бала бойындағы агрессияның түп-тамыры ата-ананың өзінде болуы мүмкін.
Агрессия агрессияны тудырады. Кейбір мұғалім мектепте балаға саналы немесе бейсаналы түрде буллинг көрсетеді. Мұғалім бала дәптерін ұмытып кетсе, “ақымақ, басыңды ұмытып кетпедің бе?” деуі мүмкін. Енді біреулері бала сөзбен ғана жәбірлемей, оқушы қанша тырысса да, жүйелі түрде төмен баға қоя беруі мүмкін. Ал оқушылар арасында мұғалім беделді адамның бірі болып саналады. Мұны көрген басқа оқушылар да әлгі балаға офлайн өмірде буллинг және онлайн өмірде кибербуллинг жасап жатады.

Оған қоса мектеп кезінде кибербуллинг құрбаны болған жасөпірім студент кезінде өзі басқаларға зорлық көрсетуі ықтимал. Дәл сол секілді кезінде кибербуллинг жасаған адам өзі құрбанға айналуы әбден мүмкін.
Кез келген смартфон ұстайтын, интернетте отыратын адам кибербуллинг құрбаны болуы мүмкін. Психолог Гүлнұр Палжігіттің айтуынша, ол көбіне балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Маман балалар арасындағы кибербуллинг 4-5-сыныптарда басталатынын айтады.
Заңгер Альбина Бахтиярқызының айтуынша, Әкімшілік кодекстің 127-бабының 2-бөлігі бойынша, кәмелет жасына толмаған адамға онлайн және офлайн өмірде буллинг, кибербуллинг жасаған адамды жауапқа тартуға болады. Мұндай қылмысты жасаған адамға ең әуелі ескерту жасалады немесе 10 АЕК көрсеткіште айыппұл салынады. Агрессор бір жыл ішінде әрекетін қайталаса, 30 АЕК мөлшерде айыппұл салынады. Агрессордың өзі 12-16 жас аралығындағы жасөспірім болса, жауапкершілік ата-анасына жүктеледі. Заңгердің айтуынша, кибербуллинг құрбаны өзінің зәбір көргенін дәлелдеу үшін оған жіберген хаттарды, хабарламаларды, фотоларды сақтап, сотқа ұсынуы керек.
Ал ата-ана баласының кибербуллинг құрбаны екенін байқаса немесе керісінше, баласының өзгелерге агрессиясын көрсететінін байқаса, ең әуелі баласымен сөйлескені жөн. Ұрсу, оған айғайлау, смартфонын тартып алу – тиімсіз әдіс. Ересектің міндеті – баланың сеніміне кіру, оның сезімдерін түсіну. Жағдайдың мән-жайын білген соң, кәсіби маманның, яғни психологтың көмегіне жүгіну қажет.
Айтпақшы, балаларға көмек беретін түрлі қауымдастық бар. Соның бірі – Janym онлайн-қауымдастығы. Бұл жерде кәсіби мамандар балаларға, жасөспірімдерге, ата-аналарға кеңесін береді. Ол үшін +7 708 651 7673 нөміріне хабарласуға болады.