Инвестиция дегеніміз не және не себепті ақшаңызды инвестициялау керек
Құнды қағаздарға инвестиция жасау – қаражатыңызды ұлғайтудың бір тәсілі. Негізінен, кез келген адам жеке инвестор бола алады.
2021 жылдың қазанындағы мәліметтер бойынша, 196,6 мыңнан астам қазақстандық Бағалы қағаздар орталық депозитарийінде жеке шот ашқан. Бұл тұрғындардың тек 2,2%-ы ғана қор нарығында инвестиция жасайды дегенді білдіреді. Көп жағдайда азаматтар ауқаттылар ғана инвестициялаумен айналысып, акция сатып алады деп ойлайды. Алайда бұл қате түсінік. Инвестиция дегеніміз не? Қор нарығында инвестиция жасамас бұрын нені білу керек? Бұл туралы материалымыздан оқып біле аласыздар.
Инвестиция құралдары
Қор нарығында инвестициялаудың бірнеше құралдары бар. Инвестиция сомасы мен инвестициялау ерекшеліктеріне орай мына құралдарды таңдауға болады:
Акциялар
Құнды қағаздардың бір түрі. Қор биржасынан акция сатып алу арқылы инвестор компанияның акционері атанады. Инвесторлар арасында құнды қағаздардың бұл түрі сұранысқа ие, өйткені акциялар тәуекел ете отырып, жоғары табыс табу мүмкіндігін сыйлайды. Облигациялардың бағасы көп өзгермейтін болса, акциялардың құны құбылмалы. Бұл қаржылық көрсеткіштер мен компанияға қатысты жаңалықтар сынды факторларға байланысты.
Облигациялар
Құнды қағаздардың тағы бір түрі. Кәсіпорындар үшін банктен несие алудың орнына қарызды облигация арқылы өтеу тиімдірек, сондықтан олар мұндай құнды қағаздарды қарыз алған инвесторға табыстайды. Ал инвесторлар үшін облигациялар банктердегі депозитке қарағанда көбірек кіріс әкеледі. Мемлекет шығаратын облигациялар ең сенімді инвестиция құралдарының бірі. Облигациялар бойынша тұрақты кірістілік бар. Бұл тұрғыда инвестор өз табысын есептей алады, өйткені облигация бойынша пайыздық төлемдер төлем кестесіне сәйкес мерзімді түрде жүргізіледі.
Инвестициялық пай қорлары (ИПҚ немесе ПИФ)
Бұл ұжымдық инвестицияның бір түрі. Пай – инвесторға қордың белгілі бір үлесі тиесілі екенін растайтын құнды қағаз түрі. Инвестор бұл үлесті басқарушы компания мамандарына сеніп тапсырады, ал олар өз кезегінде пайданы көбейту үшін әрекет етеді.
Инвестициялау стратегиясы Бүгінде инвестициялаудың екі негізгі стратегиясы бар. Біріншісі - пассивті инвестиция. Әдетте, мұндай инвестициялар ұзақ мерзімге жасалады. Егер сіз белгілі бір компанияның акцияларын сатып алып, оларды бірнеше жыл ұстап отырсаңыз, бұл пассивті инвестицияның мысалы бола алады.
Екінші стратегия – активті трейдинг. Мұнда инвестор тәуекелді құралдарға инвестиция жасайды. Мысалы, ұсақ компаниялардың акциялары нарық құбылған кезде жоғарылайды немесе құлдырайды, осыны пайдалана отырып, тәжірибелі инвесторлар олардың құнды қағаздарынан табыс табады. Дей тұрғанмен, инвестициялау стратегиясының бұл түрі нарықты терең түсінуді және тәуекелге бел бууды талап етеді.
Қалай инвестор атануға болады?
Қор нарығында инвестор құнды қағаздарды сатып алады және сатады. Алайда ол бұл үрдісті тікелей өз бетінше жүзеге асыра алмайды. Ол үшін инвестор брокерлік шот ашуы тиіс. Бұл шоттың көмегімен құнды қағаздарды сатып алуға және сатуға, сондай -ақ, жүргізілген операциялардың тарихын көруге болады. Бұл шотпен сіздің қор нарығындағы арнайы өкіліңіз – брокер жұмыс істейді. Брокер биржа мен инвестор арасында делдал қызметін атқарады. Брокерді қалай таңдауға болатынын төмендегі материалымыздан оқи аласыздар.
Брокерлік шотты брокерлік компанияның сайтында онлайн режимде немесе кеңсеге барып ашуға болады. Ол үшін сізде жеке куәлігіңіздің болуы жеткілікті. Шот ашылғаннан кейін қаражатты банк арқылы немесе компанияның сауда платформасы арқылы аударуға болады. Алдағы уақытта инвестордың барлық активтері Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінде сақталады.
Айта кетсек, құнды қағаздарды сату және сатып алу бойынша тапсырманы брокерге телефон, электрондық пошта немесе сауда алаңы арқылы жүктей алады. Бұл клиенттердің қаражатының сақталуын және барлық операциялардың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Тағы бір айта кетерлігі, қор нарығында эмоцияға беріліп, инвестиция жасамаған дұрыс. Себебі импульсивті әрекеттің салдарынан қор нарығында қателіктерге бой алдыруыңыз мүмкін. Егер сіз енді ғана инвестициялауды бастасаңыз, мұндағы қит еткен әрбір өзгеріске мән бермеңіз.
Инвестиция жасауды қандай сомамен бастауға болады?
Қор нарығында инвестицияны тек байлар жасайды деген жаңсақ пікір. Шын мәнінде кез келген адам құнды қағаздарға ақша құя алады. Инвестициялауды тіпті 5000 теңгемен бастауға болады. Ал тәжірибе жинақтай келе, бұл соманы жоғарлата аласыз.
Осы тұрғыда диверсификация жайлы ұмытпаған жөн. Диверсификация тәуекелдерді азайту мақсатында инвестиция жасауда әртүрлі активтерді пайдалану. Сонымен қатар, диверсификация инвестициялық портфель бойынша оң нәтижені сақтау және тұрақтандыру үшін қолданылады. Мүмкіндігінше барлық ақшаңызды инвестициялаудың тек бір құралына жұмсамаған дұрыс. Құнды қағаз сатып алған кезде де әртүрлі саладағы әртүрлі компаниялардың акциялары мен облигацияларына көңіл бөлген жөн.
Құнды қағаздарға инвестиция жасайтын қаражатыңыз қарызға алынбаған болғаны шарт. Сонымен қатар, бұл ақша алдағы 6-12 жылда сізге қажет болмауы тиіс.
Инвестициялаудан түсетін табыс көлемі қандай? Инвестициялау арқылы қанша табыс табатыныңыз сіздің бастапқы капиталыңызға байланысты. Әрине, кіріс көп болсын десеңіз, құнды қағаздарға көбірек қаражат құю керек.
Мысалы, төмендегі кестеде көрсетілгендей жыл басында қазақстандық "Қазатомпром" ұйымының акциясының бағасы 7587 теңге болған. Қазір құнды қағаздың бағасы шамамен 2,5 есеге ұлғайып, бұл көрсеткіш 18 100 теңгеге жетті. Яғни, жылдың басында сіз 100 000 теңгеге 13 акция сатып алсаңыз, бүгінде бұл инвестицияңыздың үстінен тағы 135 000 теңге пайда көріп, жинақтамаңызды 235 000 теңгеге ұлғайтар едіңіз.
ӨЗІҢІЗДІ ИНВЕСТОР СЕЗІНІҢІЗ
Өзіңізді инвестор сезініп, жыл басында ақшаңызды инвестициялағанда қазір қандай кіріске ие болатыңызды есептеңіз.
KZ
USA
Толығырақ ақпарат алу үшін өтінім беру формасын толтырыңыз:
Take the quiz and find out the best destination for your vacation.
Fill out the form and we will contact you soon.
*Мақалада көрсетілген акцияларға арналған есептеулер шамамен алынған және ашық тарихи деректерге негізделген. Компания құнды қағаздар нарығы бойынша жалпы ұсыныс береді. Алайда сіздің инвестициялық мақсатыңыз бен жеке жағдайларыңыз есепке алынбайды, инвестиция жасау кезінде жеке ақыл-кеңес берілмейді. Сонымен қатар, бұл қандай да бір құнды қағазды сатып алуға немесе сатуға жасалған ұсыныс болып табылмайды. Компания берген кеңесте кездесетін болжам, ұсыныс және өзге де ақпараттар негізінде жасалған операция барысындағы шығындар үшін жауапкершілікті өз мойнына алмайды. Қаржылық құралдарға инвестиция жасау тәуекелге барумен тең және пайда әкелмеуі мүмкін. Бұрынғы инвестициялау нәтижелері келешек табыстардың кепілі емес.