Америкалық биржалармен кім бәсекеге түсе алады?
Freedom Finance Global сарапшысы Тамерлан Абсалямовтың айтуынша, жақын арада америкалық биржаларға лайықты бәсекелестер пайда болады деп елестету қиын. Америкалық биржалар нарықта тұрақты үстем жағдайға ие, олардың жиынтық нарықтық капитализациясы 47 трлн. доллар (Nyse & Nasdaq), бұл әлемдегі келесі 10 ірі Биржаның нарықтық капитализациясынан асып түседі.
Қаржы нарығының үздік болуының бірнеше көрсеткіштері бар. Алғашқысы, танымалдылық пен ауқымды жобалар арқасында сенімге ие болу. Ал бұл өз кезегінде бәсекеге қабілетті сауда комиссияларын ұсынып, шығындарды төмендетуге септігін тигізеді.
«Бірінші кезекте биржаның құнды қағаздары өтімді болуы қажет. Мысалы, америкалық қаржы нарығына сұраныс көп болып қалыптасып қалған. Сұраныс болған жерде спрэдтер (баға тұрақсыздығы) азайып, сауда жеңілдей түседі. Өтімділіктің басты принципі жаһандық биржаға айналып, неғұрлым көп елден сатып алу мүмкіндігі болса, инвестицияларда соғұрлым көп болады. Шетелдік инвесторларды қызықтырып алғаннан кейін беделдің өзі инвестицияға айналады», - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, инвесторларды қызықтыру үшін бірінші кезекте үздік әрі пайдалы компаниялар ұсына білу керек. Қазір әлемдегі жетекші және қызықты компаниялардың көпшілігі америкалық биржаларда бар. Мысалы, Apple, Google, Microsoft, Amazon және Tesla сияқты компанияларды атап айтуға болады. Өз салаларында көшбасшы болғандықтан бұл компаниялар инвесторлар үшін тартымды.
«Демек қазір инвесторларды бірінші кезекте сенімді биржалар қызықтырады дедік. Ал биржа сенімді болуы үшін оған сенімді оятатын заң керек. АҚШ-та қаржы нарықтарын реттеу жүйесі жақсы дамыған. Бұл инвесторларға олардың инвестициялары қорғалғанына сенімділік береді», - деп қосты Тамерлан Абсалямов.
Freedom Finance Global сарапшысы Аңсар Абуевтың пікірінше, Қазақстан қор биржаларын жоғарыдағы үлгілермен салыстыруға келмейді. Себебі біріншіден, биржа ұғымы біздің елге келгелі бар болғаны 30 жылға жуық уақыт болды. Екіншіден, нарық аумағы аса үлкен емес және әлемдік деңгейде көрсететін компанияларда өте аз. Алайда Қазақстандағы KASE қор биржасы Орталық Азия аумағындағы үздік деуге болды. Оның листингінде 125 компания бар.
«Қазақстандық биржалардан өзге аймақта тек Өзбекстан мен Қырғызстанды айтуға болады. Қазіргі уақытта Қазақстан биржасы сауда көлемі бойынша да, қағаздардың әртүрлілігі бойынша да өңірде көшбасшы болып келеді. Бұл бүкіл аймақтағы инвестициялау ережелерін өзгертуге мүмкіндік береді», - дейді қаржы маманы.
Оның сөзінше, Қазақстанда құқықтық қатынастарда халықаралық кооперативке маманданған, шетелдік компанияларды тартатын және инвестициялар үшін ірі өңірлік хаб ретінде жұмыс істейтін AIX және АХҚО бар. Мұндай аналог көрші елдерде әлі жоқ. Екінші орында қазір Өзбекстан тұр, онда өтімділік бойынша қазақстандық биржалардан төмен болса да, Қазақстан қор биржасына қарағанда эмитенттер әлдеқайда көп. Орталық Азияда KASE валюта нарығы үшін алаң ретінде де алға шықты. Қырғызстанда биржада эмитенттердің саны ұқсас, алайда өтімділік деңгейі бойынша Қазақстаннан артта қалып отыр.
Қазақстан қор нарығының жағдайы
Қазір Қазақстан азаматтары белсенді түрде инвестициялаумен айналыса бастады. Елімізде соңғы 10 жылдықта брокерлік компаниялар ашылып, қаржыны сақтап қана қоймай, оны жұмыс істету жолдары насихаттала басталды. Қазақстандықтар үшін әлемнің үздік биржаларына жол ашық. Олардың арасында әсіресе америкалық биржадағы үздік компаниялар танымалдыққа ие.
Бұл осы нарықтағы жетекші компаниялардың танымалдығы әсерінен болып жатыр. Соңғы жылда отандастарымыз Tesla компаниясының құнды қағаздарын сатып алуға байланысты 23 мыңнан астам келісімге отырған. Біздің елде биткоин танымалдығына қарай, осы салаға қатысты компания саудасы да арта түскен. Американдық COIN криптовалюта айырбастау компаниясының акциясын сатып алуға қатысты 17 мыңнан астам келісімге қол қойылған. Бұдан бөлек, қазақстандықтар инвестиция құятын компаниялар қатарында Meta, NVDA, FRHC сынды танымал брендтер бар.