Қайратқа қаржы сарапшысынан 10 кеңес
Кәсіпкер ең әуелі бір жылға арналған қаржы моделін үш сценарий бойынша 10-15% өзгеріспен құруы қажет:
Пессимистік жағдай – сұраныс азайғанда не істеймін?
Қалыпты жағдай – сұраныс тұрақты әрі бір қалыпта болса, не істеймін?
Оптимистік жағдай – сұраныс артса, келесі қадамым қандай болмақ?
Кәсіпкердің қаржы моделі не жоспары нақты болса, ол әр маусымда кәсібіне – өнімге, жалақыға, төлемдерге, құралдарға, тасымалдау ақысына қанша қаржы керек екенін болжай алады. Оған қоса өз ісінде болуы мүмкін күтпеген жағдайларды талдап, қауіпсіздік жинағын ашып, оған қанша сомма жинап қою керегін де шамалап біледі. Мұндай қаржы моделі тек кәсіпкерде емес, кез келген адамда болуы керек.
Қаржы сарапшысының айтуынша, Қайраттың кәсібі күрделі әрі форс-мажор жағдайда толы болғандықтан қаржысына, қауіпсіздік қорына аса мән бергені жөн. Маман мынадай кеңестер береді:
Қайрат табысының басым бөлігін қайта кәсібіне жұмсайтыны – мақтауға тұрарлық әрекет. Дегенмен оған қаржысын бір тәртіпке жүйелеу керек. Біріншіден, екі істің табысын араластырмау керек. Екіншіден, әр кәсіптің табысын, шығынын, форс-мажор жағдайларын есептеп, сол бойынша белгілі бір соманы бекітіп, жинаққа аударып отыруы керек. Сонда біріне ақша жетіп, екіншісіне жетпей қалу қаупі азаяды.
Екі кәсіптің табысын араластырмау.
Әйтпесе, өзінің басынан өткендей, бір затқа арналған қаражат екіншісіне жұмсалып, кейін керек затқа ақша табылмай қалады.
Әр кәсіпке жеке-жеке қауіпсіздік қорын ашу.
Меніңше, Қайрат әр кәсібіне бөлек-бөлек мақсатты қауіпсіздік қорын ашып қойғаны дұрыс. Болмаса екі кәсібі үшін мақсатты қауіпсіздік қорын және кәсібінде, жалпы өмірінде болатын күтпеген жағдайлар үшін жалпы қауіпсіздік қорын ашып, қаражат жинаған жөн. Сонда кәсіпкер табысы азайғанда еңбекақы төлей де алады, маусым басталмай тұрып шикізатты арзанға сатып алып, таза пайдасын арттыра алады, жазда тас төсеуішін толық сатып үлгермесе де, жұмысын тоқтатпай жалғастыра алады.
Депозиттің тиімді түрін таңдау.
Қазір депозиттің түрі көп. Әрқайсының үстемақысы, шарты әртүрлі. Тіпті, арнайы бір салаға арналған депозиттер де бар. Мәселен, Қайрат үстемақысы жоғары, белгілі бір мерзімге дейін шешіп алуға болмайтын депозит түрін таңдағаны жөн. Сонда ол қыста жаздағы кәсібінің, жазда қыстағы кәсібінің жинағын жұмсап қоймайды.
Автоматты аударымдарды қолдану.
Кәсіпкер кіріс түскенде белгілі бір мөлшері банк қолданбасының шотынан қауіпсіздік қоры деп ашылған депозит шотына автомат түрде аударылатын етіп жасап қоюына болады. Сол кезде қорға қаражат жүйелі түрде жиналады. Мысалы, мұндай функция Freedom Bank-тың SuperApp қолданбасында бар. Қолданбаға кіріп, “Аударымдар” бөлімінен “Автотөлемдер мен автоаударымдар” дегенді таңдайсыз. Сосын қандай шоттан, қандай төлем түріне, қанша сома аударуыңыз керек екенін жазып, мәліметтерді бір енгізіп қойсаңыз, кейін ай сайын өзі автомат түрде орындалып отырады.
Қорды толтыруды тоқтатпау.
Қайрат табысы артып не төмендесе де, қорға тұрақты түрде ақша салып отырғаны дұрыс. Себебі күтпеген жағдайлар кез келген уақытта тосын сый болып келуі мүмкін.
Қауіпсіздік қорын күнделікті шығынға арналған ақшадан бөлек сақтау.
Жинақты күнделікті шығын үшін жұмсайтын ақшадан бөлек басқа банк шотында сақтаған дұрыс. Әр қорына ат қойса да болады, сонда ойы да жүйеленеді.
Қауіпсіздік қорының мөлшерін жылына кемінде бір рет қайта есептеу.
Нарық пен сұраныс, экономика жиі өзгереді. Мәселен, биыл коммуналды төлемдер қымбаттады, салық мөлшері көбейді. Былтыр бидай көп өсіп, Қайрат оның орнына арпа сатты. Сол себепті қаржыны, табыс пен шығынды үнемі бақылап отыру керек. BI Dynamics, Terralink, Beksar, EasyWeek, 1C — БИТ. Бизнес-Анализ сияқты цифрлық аналитика құралдарын пайдаланыңыз.
Қайрат қаржы моделі арқылы кәсібін ретке келтірген соң ғана несиеге не инвестицияға жүгінгені жөн. Несиенің пайызы маржадан, яғни таза пайдадан жоғары болмауы керек. Номиналды емес, тиімді жылдық мөлшерлемеге мән берген дұрыс. Ал инвестиция алса, инвестормен заңды шарт жасап, онда пайда мен міндетке қатысты барлық тармақты нақты көрсету қажет.