Есепшіден ірі кәсіпкерге айналған Мұхтархан Рысакбаевтың оқиғасы
ДЕЙІН ЖӘНЕ КЕЙІН ЖОБАСЫ
Мұхтархан Рысакбаев – бүгінгі таңда 100-ден аса азаматты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер. Бизнесін қарапайым бидай және мақсары сынды дақылды егуден бастаған ол әртүрлі салада бағын сынап, табысқа жете алған. Өз кәсібімді өрге дөңгелетіп кетуіме KMF микроқаржы ұйымы көп көмектесті деген ол бизнесін қалай бастағанын және қазір қандай жетістіктерге жеткенін айтып берді.
Мұхтархан Қалмаханұлы Халық шаруашылығы институтын тәмамдағаннан кейін колхозда бухгалтер болып жұмыс істепті. Бірте-бірте аға бухгалтер, аға экономист, 24 жасында бас бухгалтер болып қызмет атқарды. 1997 жылы колхоз тарады, бұрынғы жүйе құрдымға кетті. Колхозда мал да, техника да қалмады. Колхоз үшке бөлініп, дүние-мүлкі талан-таражға түсті. Ол бухгалтер болып жұмыс істеп жүргенде Салық бөліміне салық тапсыруға баратын. Кейде өзінікін дұрыс деп дәлелдеп, айтысып қалатын кездер де болатынын жасырмайды.
Колхоз есепшісінен жеке кәсіпкерге дейін
“Колхоз тарап кеткен соң бір күні Салық бөліміне барсам, сондағы жігіттер: Мұхтар, колхоздың шаруасы бітті, осында жұмысқа кірмейсің бе? деді. Не де болса деп бастығына барып жолығайын деп шештім. Ол да тани кетіп, еш ойланбастан жұмысқа алды. Көп ұзамай аудит бөлімі ашылып, сол бөлімнің бастығы болдым. Аталмыш мекемеде он жылдай істеп, тоғыз жыл аудит бөлімін басқардым. Кейбір себептерге байланысты бұл жерден кетіп, жанар-жағармай құю бекетінде біраз уақыт жұмыс істедім. Қосымша жұмыс істеп жүрген төрт фирмасы болған. 2007-2009 жылдары сол фирманың төртеуі де құрдымға кетті”, – деп бастады сөзін кәсіпкер.
Жұмыс бір күнде тоқтап қалған соң ол қиын жағдайға тап болады. Бала-шағасын қалай бағамын деп ойланып, тіпті күзетші болып жұмысқа тұруды да жоспарлапты.
“Ол уақытта күзетшілер 30000 теңге алатын. Бір қап ұн шамамен 2000-3000 теңге тұрады. 2000 теңгеге ұн, 200-500 теңгеге шекер алсам деп есептеп қоям. Ет енді қымбатырақ. Тапқан табысым бала-шағама жете ме, жетпей ме? Сөйтіп жүргенде ағам бір цехтың сатылатынын айтты. Тәуекел етіп ағамыз сол цехты сатып алып, жұмыс бастадық. Кейін ол кісі Жігіттер, мен бұл жұмысты істемеймін. Өздерің алыңдар деп бас тартты. Біз одан сатып алып, бір жыл өзіміз істедік. Біздің бизнесіміз осылай басталып кетті, – дейді ол.
Бизнесін ары қарай дамыту үшін Мұхтарханға қомақты қаражат қажет болады. Ақшаны қайдан табамын деп жүргенде кәсіпкер досынан KMF туралы естиді.
Ол кезде 500 мың теңге дегеннің өзі қомақты қаражат. Бізде KMF-тің филиалы жоқ еді. Сол үшін Леңгірге бардым. Ақша бере ме, жоқ па? деп уайымдап барғаным рас. Бір жігіт құжаттарды қарады. Өтініш жаздым. Маған бірден несие берді. Банктерге барсаң немесе үйдің квитанциясын төлейтін кезде миыңды ашытып жіберетін. Өзім экономист болған соң бірден байқадым, бұлардың ақша беру механизмі өте қарапайым екен. Компанияның несие беру механизмі нағыз ауыл адамдарына ыңғайланған. Сол үшін де компаниядан несие алатын ауыл адамдары өте көп. Біреу үшін жауап бере алмаймын, бірақ өзіме өте ыңғайлы екенін айтқым келеді”, – дейді ер азамат.
«Қиналғанда көмек берген досыңды ешқашан ұмытпайсың»
Айтуынша, оның қаржы ұйымынан үйі мен автокөлігін кепілге қойып несие алған кездер де болған.
“Менің бұл компанияға алғысым шексіз. Қиналып тұрғанда қол ұшын созып, көмектескен адамды еш уақытта ұмытпайсың ғой, бұл жерде де дәл солай болды. KMF бізге дер кезінде көмекке келді. Сондықтан бұл компанияны ерекше жақсы көріп қалдым. Жаратылысымыздан достыққа берік адамбыз ғой. Осы күнге дейін KMF-тен 56 миллион теңге алып, қайтарыппын. Бұл – өте қомақты қаражат. Егер сенімге кірген тұтынушы болмасам, мұндай несиені маған бермес еді”, – дейді Мұхтархан Қалмаханұлы.
Несие алғанда маған оның пайыздық үстемақысы, басқасы маңызды емес. Кез келген адам саған еш нәрсені тегін бермейді. Банк немесе микрокредиттік ұйымдардың өз үстемақысы бар. KMF-тен 20 миллион не 10 миллион теңге алғанда, ол маған келешекте 100 миллион теңге болып қайтады деп ырымдап аламын. Негізі, ырымшыл халықпыз ғой”, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер 2013 жылы өндіріс миксерін несиеге алған қаражатқа сатып алыпты. Осы кезде Алматыда заңгер мамандығына оқып жүрген үлкен баласының бизнеске көңілі ауады.
Үлкен ұлым: “Әке, мен қазіргі бизнесімізбен қатар осындай жұмыс жүргізейінші деп ұсыныс айтты. Мына жақта жалға алатын зауыт бар екен, көріңізші деп Алматыға шақырып алды. Балам жас болғандықтан, оған алғашында сеніңкіремедім. Дегенмен тәуекел етуге бел будым. Талап қылған ұлыма қолдау білдіріп, миксерді жалға алдық. Сол кездегі бір миксеріміз енді міне үлкен екі зауытқа айналды”, – дейді Мұхтархан Рысакбаев.
2017 жылы кәсіпкер сүт өндірісін де қолға алған. Жаңа жобаны бастаған кезде ол тағы да KMF-тің көмегіне жүгінеді.
“Мал шаруашылығы фермасы сатып алу үшін бір апта көлемінде 7-8 миллион теңге керек еді. KMF әдеттегідей несиені жедел рәсімдеп берді. Қазір сол ферма әлі жақсы жұмыс істеп тұр. Біраз құрылыс жұмысын жүргізіп, ретке келтірдім. 5 жыл бойы сиыр сауып, сүтін өткіздік. Шымкенттен арнайы лаборатория келіп, біздің сүттің майлылығын тексергенде 4,6 пайызды құрады. Бұл өте сирек кездесетін көрсеткіш екен. Сүтімізді Фудмастер, Сайран сүт компаниялары алып, алғысын айтты. Қазір ол жерде мал бордақылап жатырмыз. Ферманың жұмысы жолға қойылған. Кезінде 7 миллион теңгеге алынған ферманы қазір 50 миллион теңгеге де сатқым келмейді. Себебі оның құны әлдеқайда жоғары”, – дейді бизнесмен.
Бір миксер қалай үлкен зауытқа айналды?
KMF – Орталық Азия мен Қазақстандағы ең ірі микроқаржы ұйымы. Нарыққа осыдан 25 жыл бұрын келген компания шағын және орта бизнеске, ауыл шаруашылығына, жеке мақсаттар үшін және автокөлік сатып алуға микрокредит өнімдерін ұсынады, толығырақ kmf.kz сайтынан немесе ұялы телефоннан тегін қоңырау шалуға болатын 7474 байланыс орталығынан білуге болады.
Микроқаржылық қызметті жүзеге асыру құқығын беретін ҚНРДА-ның 26.02.2021 жылғы №02.21.0003.M лицензиясы
Мұхтархан Қалмаханұлы табысқа жету оңай болмағанын сөз етті. Айтуынша, тіпті 1 күнде миллиондап шығынға батқан кездері де болған.
“Бір күні жұмыстарыммен банкке барып, цехқа кешігіп келсем, көмекшім өзін қоярға жер таппай жүр. Мақсарыны өңдеп, май алып, қалғанын жемге жіберетін техника алғанбыз. Әрине, оны алғанда тексеріп қарағанбыз, бәрі де дұрыс болған. Қарасам, таза мақсары қалдыққа кетіп жатыр. Шығынды есептесек, 24 сағатта 1 миллион теңге. Ол кезде бұл қып-қызыл ақша ғой! Кімге ренжисің? Басымыздан осындай да жағдай өткен, – дейді ол өткен күндерді еске алып.
Қазір кәсіпкер жалпы алғанда 100-ден астам адамға жұмыс беріп отыр. Алдағы уақытта Шымкенттен бетон шығаратын зауыт ашу жоспары да бар.
Жол салсаң, жолың ашылады...
“Бизнестің арқасында капитал жинадық. Мектеп, балабақша, жол, әкімшілік, мешітке көмектесемін. Былтыр мешіт салдық. Балам «қаражат сұрап жатыр, не істейін?» деді. «Сауапты іс, апарып бер. Ондай кезде менен сұрама» дедім. Мұсылманбыз ғой, ондайға қатты сенемін. Балама да «айналаңдағыларға жәрдемдес» деп айтып отырамын. Бауырларымнан да барымды аямаймын. «Бірінші туыстарыңа көмектес» деп шариғатта да айтылған. Бір жылы жол салдық. Жаңбыр жауса, батпаққа батып жататын лас көше болған. Ақыр соңында бастамаға көбі қосылмай, жолдың 99,9 пайызын өзім жасадым. Содан кейін бірден екі үй алдым. «Жол салсаң, жолың ашылады» дегенге сенемін. Жыл сайын он отбасыға көмектесемін. Оларға азық-түлік алуға 30000 теңгеден таратамын. Осындай көмек бергенде бір әйел қуанғаннан жылағанда өзім қосылып жылап жібердім. Биыл жиырма отбасына көмектессем деп ойлап отырмын. Мүмкіндік болса, елдің алғысын алғанға не жетсін?!” - дейді кәсіпкер.
Мұхтархан Қалмаханұлы жұмысының қауырт екендігіне қарамай ағайын-туыстың, дос-жаранның қызық-қуанышымен бөліскенді жөн көреді. Дегенмен ол үшін жұмыс бірінші кезекте. Табысқа жету сырын да сол еңбектің арқасы деп есептейді.