"Енді нені басамын?": Егде жастағы адамдарға смартфон тілін қалай үйретуге болады
Қазір егде жастағы адамдар смартфонды тек жақындарымен байланысу үшін емес, зейнетақысын алу, сүйікті фильмін көру, мемлекеттік қызметтерді алу үшін де қолданады. Сондықтан оларға бұрынғыдай тек батырмалары бар телефон емес, көп қызмет түріне ие смартфондар керек. Бүгін материалда Stan.kz агенттігі мен Altel байланыс операторы смартфонды жиі пайдаланатын, әлеуметтік желіде белсенді әжелермен, қарт кісілерге жаңа технологияны қолдануды үйрететін маманмен тілдесіп, егде жастағы адамдардың смартфонын қалай ыңғайлау керек екенін және ата-әжелерге смартфонды қалай қолдану қажет екені жөніндегі кеңестерін тарқатып жазады.
Айта кетері, бұл – Stan.kz агенттігі мен Altel байланыс операторының цифрлық қауіпсіздікке қатысты жобасының аясында шыққан мақаласы. Жоба аясында жарияланған материалдарымызды #Желідеқауіпсізбол хэштегі бойынша оқи аласыздар.
Бота атасына смартфон мен интернет қолдануды қалай үйретті?
25 жастағы Бота Бейбіт – атасының қызы. Атасы мен апасының тұңғыш немересі болған соң, сол кісілерге жақын болып өскен. Бірнеше жыл бұрын 66 жастағы атасы ескі телефонын жаңа, сенсор смартфонға ауыстырған. Бота жаңа смартфонның мүмкіндіктерін атасына үйреткен, бірақ бұл процесс ол ойлағандай оңай болмаған. Өзінің айтуына қарағанда, атасына құрылғыны үйреткенде жіберген ең алғашқы әрі үлкен қатесі – шыдамсыз болғаны. 
Ботаның атасы зейнетте, бірақ бос уақытында қала ішінде такси жүргізушісі болып, жолаушыларды тасымалдайды. Жолаушылар қазір жолақасын онлайн төлейді екен. Сол себепті Бейбіт ата немересінен банк қолданбасы арқылы ақша қабылдауды, оған қоса коммуналдық қызметті төлеуді, өзіне және жұбайына теңгерім салуды үйреніп алыпты.
“Атам бұрыннан телефон ұстап жүрген соң, хабарласуды, суретке түсіруді біледі. Бірақ желілерді қолдануды, онда сурет жариялауды білмейді. Желі, қолданба функцияларын бүгін үйретсем, ертесі ұмытып қалатын да, қайтадан сұрайтын. Екеуіміз он рет ұрсып, он рет татуласқан шығармыз. Кейін шыдамды болуым керек екенін түсіндім. Үлкен кісілерге бір нәрсені түсінуге уақыт керек. Барлық адамның қабылдау деңгейі бірдей емес. Оларға барынша жеңіл тілде, асықпай түсіндірген жөн екен”, – дейді Бота.
Одан кейін Ботаға атасы “WhatsApp және Instagram-ға сторис салғым келеді” деп айтқан. Оны үйретуге Ботаның екі күні кеткен. Есесіне қазір атасы күнде балаларының, немерелерінің, тіпті жақында дүниеге келген шөбересінің суретін салып, мәз болып отырады екен. Бірде атасы туысының сторисінен жеті шелпек салғанда оқитын батаның мәтінін көріп қалады. “Мұны қалай сақтап алсам болады?” деп сұраған. Сөйтіп Бота атасына скрин жасауды түсіндірген екен.  
“Атам кішкентай өңірде тұрады. Онда жолақысы ретінде 150 теңге алады. Атам тапқан ақшасының жартысын шыны құтыға жинайды. Бұл әдеті мен мектепке енді барғанымда, яғни 18 жыл бұрын қалыптасқан. Бірақ қазір бәрі ақшаны онлайн аударған соң, құтысы бос тұр екен. Осы сөзінен кейін депозитті үйретіп қойдым. Депозитке ақшасын салып қойды, ондағы ақшаға көлігіне керек-жарағын аламын дейді. Кейде “депозитті апаң түсінбейді, жақсы болды, ішінде ақша жата берсін” деп әзілдеп қояды”, – дейді Бота.
Оған қоса Бота телефон, әлеуметтік желі арқылы түрлі алаяқтар хабарласатынын атасына ескертіп қойған. Алаяқтардың жаңа әдістері туралы жаңалықтан естіген сайын ата-апасына айтып отырады екен.

Бота қазір Алматыда, атасы Жаркентте тұрады. Атасы білгісі келген затын хабарласып сұрайды екен. Бірақ қашықтан түсіндіру қиын екенін айтады. Сол себепті ол атасының үйіне барғанда бәрін бір қағазға түсіндіріп жазып кетемін деп отыр. Дегенмен атасы смартфонды бұрынғыға қарағанда өте жақсы білетініне қуанышты.
“WhatsApp арқылы хат жазуды, видеоқоңырау арқылы хабарласуды өзі, ешкімнің көмегінсіз меңгеріп алды. Дегенмен бір күні інім “Отбасы” деген WhatsApp чатымызға домалақ формада видео жіберген. Атам “мен де солай видео түсіргім келеді” деді. Ол үшін камераның суретін ұзағырақ басып тұру керек екенін айтып едім, бірден үйреніп алыпты. Бірақ әлі әдемі видео түсіре алмай жүр: видеода басының жартысы ғана көрінеді”, – деп күлді Бота.
Егде жастағы адамға смартфонды қалай таңдаймыз және оны қалай баптаймыз?
2020 жылы коронавирус тарап, пандемия болғанда елде бәрі қашықтан оқыды, онлайн жұмыс істеді. Сол кезде Қазақстандағы цифрлы жағдай мен сауат төмен екені қатты байқалды: көп отбасыда компьютер мен ноутбуктар болмады, кейбірі құрылғы болса да, оны қолдана алмай қиналды. Осыны ескеріп, елдегі цифрлы сауатты дамытуға үлес қосу үшін Гүлназ Қорданова қоғамдық қор құрды. Ол Connect-Ed деп аталады.

Олар компьютер, ноутбук, смартфон, планшет сияқты қолданылған техникаларды жинап, мұқтаж отбасыларға үлестіріп береді. Қазіргі уақытта қор командасы елдің үш қаласында – Алматыда, Астанада, Шымкентте игі жұмысын іске асырып жүр. Оған қоса олар балалар мен егде жастағы адамдарға жаңа технологияны меңгеруге көмектеседі. Мәселен, бүгінге дейін олардың командасы “Мен енді онлайнмын” жобасы аясында 60-75 жас аралығындағы 200-ден астам егде жастағы адамға смартфонды, ноутбукты қолдануды тегін үйретті. Осы жобаның онлайн курстарын қордың YouTube арнасынан көруге болады.
Connect-Ed қорының басшысы Гүлназ Қорданованың айтуынша, көбі ата-анасына, ата-апасына ең жақсы немесе ең қымбат смартфонды алып бергісі келеді. Дегенмен үлкен кісіге құрылғы аларда олардың ерекшелігін ескеруді ұмытпау керек. Мәселен, қарт кісілерге қолы талып кетпейтіндей жеңіл әрі жұқа, экраны үлкен, жады көп телефон ыңғайлы. Маман егде жастағы адамға смартфон қолдануды үйретпей тұрып, құрылғының өзін баптап алған жөн екенін айтады. Гүлназ Қорданова өз тәжірибесіне сүйеніп, бірнеше кеңесін бөлісті: 
“Цифрлық сауат – қазіргі заманда маңызды дағдының бірі. Себебі бүгінде күнделікті өмірде қажет заттың бәрі жаңа технологиямен тікелей байланысты, бәріміз оған тәуелдіміз. Ал бала кезінен компьютерді, смартфонды пайдаланбаған адамдарға бұл өзгерістер өмірді жеңілдетпей, керісінші қиындатып жіберуі мүмкін. Сондықтан біз “Мен енді онлайнмын” курсымызда егде жастағы кісілерге цифрлық әлемде өзін сенімді сезінуге, емін-еркін қарым-қатынас құруға, өзін-өзі дамытуға, ақпарат алуға көмектесеміз”, – дейді Connect-Ed қорының негізін қалаған Гүлназ Қорданова.
2.Қажет қолданбаларды жүктеу және негізгі бетке шығарып қою
Гүлназ Қорданова
Connect-Ed қорының басшысы
Гүлназ Қорданованың айтуынша, қарт кісілер фильм, видео көру үшін YouTube, Instagram сияқты желіні жиі қолданады. Ал WhatsApp арқылы бала-шағасына хат жазады, видеоқоңырау арқылы хабарласады. Оған қоса банк қолданбалары арқылы зейнетақысын алып, немерелерін қуанту үшін ақша жібергісі келеді. Осы сияқты күнделікті өмірде қажет қолданбаларды алдын ала жүктеп, смартфонның басты бетіне шығарып қойыңыз. Сонда атаңыз не әжеңіз, ата-анаңыз оны бірден таба алады.
1.Смартфонға құпиясөз қою
Үлкен кісілер цифрлық қауіпсіздікке аса мән бермей қалуы мүмкін. Дегенмен сіз оны алдын ала ойлап қойғаныңыз жөн. Ата-анаңыздың не ата-әжеңіздің смартфонын бөтен адамдар рұқсатсыз қолданғанын қаламасаңыз, оған құпиясөз орнатыңыз. Құпиясөз смартфон иесі жаттай алатын, қатты қиын емес болуы керек. Оны ұмытып қалады деп уайымдасаңыз, сандарды қағазға жазып, тоңазытқышқа жабыстырып қойыңыз. Бірақ “бұл – құпиясөз” деп жазып, дүйім-жұртқа жариялаудың қажеті жоқ. Қағаздағы сандардың құпиясөз екенін сіз және телефон иесі ғана білгені жөн.
4.Дыбысын қатты етіп шығарыңыз
Егде жастағы адамдардың құлағының нашар еститіне де – қалыпты нәрсе. Сондықтан смартфонның дыбысын максимал түрде шығарып қойған жөн. Әйтпесе әлдекім қоңырау шалғанда, хат жазғанда, естімей, көрмей қалуы әбден мүмкін. 
6.Маңызды байланыс нөмірлерді басты бетке шығарып қойыңыз
Әдетте ата-апалар көбіне балаларына, немелеріне, құрбыларына хабарласады. Оларға байланыс нөмірді іздеп отыру шаршатын әрі қиын шаруа болуы мүмкін. Сол себепті смартфон иесі көп іздейтін, хабарласатын байланыс нөмірлерді экранның бетіне шығарып қойған дұрыс. 
3.Қаріптерді үлкейтіңіз
Адам қартайған сайын, көру қабілеті төмендеуі мүмкін. Сондықтан смартфондағы қаріптерді үлкейтіп қойыңыз. Сонда атаңыз не әжеңіз телефон үңіліп, оқи алмай отырмайды, көзіне ауыр салмақ түспейді. 
5.Экранның жарығын түзеп қойыңыз
Экранның жарығы маңызды рөл атқарады. Үлкен кісіге ыңғайлы болатын мөлшерде жарығын қосыңыз. Өзіне бір көрсетіп, тексертіп алсаңыз да болады. Сондықтан экраннан зиян көк түс аз болатындай режимге қойып қойыңыз. 
Тиктокер әже: әлеуметтік желі Хадиша апаға белсенді болуға қалай көмектесіп жатыр?
65 жастағы Хадиша Айтмұхамбетқызы кейінгі бір жылда ТikTok жұлдызына айналды. Әлеуметтік желіде Хадиша апа “Батыстың әжесі” деген атпен танымал. Хадиша әже видеолар түсіреді, стримге шығып, жастармен баттлға шығады, тілдеседі. Бүгінде ол кісінің 80 мың оқырманы бар.
Хадиша апа TikTok-тың арқасында тек көңілін көтеріп қоймай, өзін маңызды сезінетінін айтады.
“Алғашында басқа адамдардың видеоларын көретінмін. Кейін балам бұл желінің қыр-сырын түсіндірді. Тез меңгеріп алдым, тіпті видео салып, оқырман жинап, стримге шығатын болдым. Зейнет жасыма дейін тазалықшы болып істедім. Жоғарғы оқу орнын бітірмедім, дегенмен жастайымнан зерек едім. Соның арқасында жаңа құрылғыны, әлеуметтік желіні тез үйрендім. Бастысы ниетің болса жеткілікті. Әрине, эфирде жазылып жатқан пікірлерді оқу қиынға соғады, бірақ көзілдірігімді тағып аламын”, – дейді тиктокер апа.
”Үйде отырып, өзгелердің көңілін көтеремін, ақыл-кеңесімді айтамын. Өзімнің де уақытым көңілді өтеді. Шетелдіктермен де араласып, көкжиегім кеңейді. Стрим арқылы ақша тауып, ол қаражатқа немерелеріме қалағандарын алып беремін”, – дейді Хадиша апа.
Көпшілікке танымал әженің оқиғасы адамның кез келген жаста жаңа технологияны меңгеріп алуына болатынын дәлелдеп отыр. Ол үшін тек жақын адамдарының қолдауы мен көмегі қажет.
Хадиша әже әнші Төреғали Төреәлімен бірге стримде отыр
Ата-әжелер смартфон, интернетке қолжетімділікті үйренгенде қандай қиындықтарға тап болады?
Маманның айтуынша, зейнеткерлер үшін цифрлы сауатты болудың маңызы зор. Өйткені олар жаңа технологияның мүмкіндіктеріне ие болып қоймай, смартфонның арқасында жақындарымен байланысып, өзін жалғыз сезінбейді, денсаулығын бақылай алады.
“Егде жастағы кісілер көбіне жаңа технологияларды қабылдауда сенімсіздік танытады, қорқады. Олар "мен қателесіп, бірдеңені бұзып аламын" деп алаңдайды. Сонымен қатар олардың кейбіреуіне тіл және техникалық терминологияны түсіну қиын. Енді біреулері смартфонның қолданбаларын орнату және жаңарту, контактілерді басқару, интернет байланысын орнату сияқты күрделі процестерді меңгеруде қиналады. Бірақ оқу барысында біз оларға қателесуге мүмкіндік беріп, өз беттерінше жұмыс істеуді үйреттік”, – дейді Гүлназ Қорданова.
Интернет пен байланыс желісін қалай таңдаймыз?
Смартфон сатып алдық, оның ішкі функциясын баптап, егде жастағы ата-анамызға қолдануды үйреттік. Енді қарт кісілер смартфонды одан әрі емін-еркін қолдануы үшін байланыс операторын таңдап, тиімді болатын тарифті қосып беру керек. Біздің серіктесіміз Altel отбасыға арналған ең тиімді тарифтер туралы айтып берді. Мәселен, олар биыл шілдеде “Жанұя” деген тариф жоспарын іске қосыпты. Оны смартфондарда да, мобильді роутерлер де қолдануға болады.
“Бұл – 5G-ға арналған алғашқы отбасылық ұсынысымыз. Біз отбасыларды 5G роутерлерімен таныстырғымыз келеді. Көбі оны қымбат деп ойлайды. Шын мәнінде, олай емес. Роутерлерге жеңілдік бар. Оны 27 990 теңгеге сатып алуға болады. Жалға алса, алғашқы екі ай небәрі 1 теңге төлейді, кейін ай сайынғы төлеміне 2000 теңге қосылады. Оған қоса роутерді тариф жоспарымен бірге сатып алса, үш айға 50%-ға дейін жеңілдік бар: айына 7990 теңге”, – дейді Tele2/Altel компаниясының Product Owner FWA Ақбота Ильясова.
Ақбота Ильясова
Tele2/Altel компаниясында Product Owner  FWA
Тарифтің шынымен отбасылық болғанын қалаған адам роутер сатып алғанда, қосымша нөмірлер алып, оған жанұясындағы төрт адамды қосып қоя алады. Ұсыныс үйдегілердің барлық қажетінің 80%-ын өтеу үшін секундына 1 Гб жылдамдықта істейтін шексіз 5G үй интернеті беріледі. Оған қоса топ мүшелерінің барлығында Altel және Tele2 операторларының қолданушыларына шексіз қоңырау шала алады, Қазақстан аумағындағы басқа ұялы байланыс операторларының нөмірлеріне хабарласу үшін барлық отбасы мүшесіне жалпы алғанда 700 минут беріледі, Altel TV (Android және iOS-та бар) қолжетімді. Қолданба арқылы 200-ден астам арнаны, Megogo, Wink, Start, QAZAQSHA сияқты 4 онлайн-кинотеатрды тамашалай алады. Мұның бәрі небәрі 7 990 теңге тұрады (алғашқы үш ай осы баға, кейін 13 990 теңге.)
Маман отбасында адам көп үлкен әулетке “Жанұя Плюс” тариф жоспарын қолдануға кеңес береді. Оған алты адам қосыла алады. Оның да құны – алғашқы үш ай 7990 теңге, кейін 15 990 теңге. Отбасының барлық мүшесіне жалпы алғанда 900 минут беріледі.
Барлық құқықтары қорғалған
Қорытындалай келе, смартфондар егде жастағы адамдарға қарым-қатынас, қауіпсіздік, денсаулық, ойын-сауық және ақпарат алу үшін көп мүмкіндік бере отырып, өмір сүру сапасын да айтарлықтай жақсартады. Осылай, қарт кісілер үнемі байланыста, белсенді әрі тәуелсіз бола түседі. Дегенмен егде жастағы адамға смартфон қолдану дағдыларын үйреткенде ескеретін жағдайлар бар екенін ұмытпау керек: ыңғайлы болатын смартфон таңдаймыз және оны ішкі функциясын баптаймыз. Сонымен қатар ата-аналарға, ата-әжелерге смартфон меңгеруге көмектескенде барынша оларды түсініп, қателесуге мүмкіндік беріп, сабырлықпен қараған жөн. 
“Бұл отбасында кәмелет жасына толмаған бала, егде жастағы адам, ата-әжелер барларға тиімді. Бұл отбасының отағасына бір рет теңгерім салып, отбасының барлық мүшесіне байланыс, интернет қосып беруіне мүмкіндік береді. Мұны қосқан адам үйіндегілердің теңгерімі бітіп-бітпегеніне алаңдап жүрмейді, олар да оның мазасын алмайды. Шексіз интернет үйдегі құрылғыда да, смартфонда да болатындықтан, бәріне жетеді”, – дейді Tele2/Altel компаниясының Product Owner FWA Ақбота Ильясова.