“Келісімсіз жіберілген нюдс — зорлық”. Интим суретіңіз желіге тарап кетсе, не істеу керек?
Сізге немесе балаңызға интим фото, видео жіберсе, не істеу керек? Балаңыз өзгеге жолдаса ше? Күтпеген жерден келген ашық бейнелер кез келген адамға психологиялық жарақат тигізуі мүмкін. Интим фото, видео жіберу ересектер арасында қалыпты нәрсе, осылай олар бір-біріне сезімі мен сенімін білдіруі мүмкін, бірақ аса қырағы болған дұрыс. Себебі бұл контент ертең жеке қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін. Оған қоса қоқан-лоқының құрбаны болып қалуы да ықтимал. Stan.kz ақпарат агенттігі мен Altel байланыс операторы бүгінгі материалда интим фотоны жіберу мен таратудың қаупі туралы тарқатып жазады. Сондай-ақ мамандар онлайн қарым-қатынас құрғанда әр адам білуі керек маңызды кеңестерін бөлісті.
Айта кетері, Stan.kz ақпарат агенттігі мен Altel байланыс операторы цифрлық қауіпсіздікке қатысты жобасы аясында материалдар сериясын жазып жүр. Оларды #Желідеқауіпсізбол хэштегі бойынша оқи аласыз.
2020 жылы америкалық суретші Уитни Белл Rhabbit галереясында көрмесін өткізді. Ол галереяның ішін құдды бір өзінің үйі сияқты жасаған. Дегенмен бір таңғаларлығы, ол қабырғаға ер адамдардың жыныс мүшесінің 150-200 шақты фотосын іліп қойған. Ол мұны “Мұны сұрамаған едім. Жыныс мүшесінің суретінің өмірі” деп атаған. Суретші осылай, тіпті өз үйінде қауіпсіз емес екенін, адамдардың басқалардың қалауынан тыс жыныс мүшесінің фотосын жіберіп, сексуал түрде харассмент көрсетіп жатқанын жеткізбек болған.

Ал алматылық тұрғын Айнұрға бейтаныс біреу белгісіз нөмірден видеоқоңырау арқылы хабарласқан. Айнұр ештеңеден күдіктенбей, тұтқаны көтерген. Дегенмен ол видеода бір ер адамның жыныс мүшесін көрсетіп, әдепсіз әрекет істеп жатқанын байқап қалып, бірден қоңырауды сөндіріп тастаған. Айнұр ересек адам болған соң, ешқандай психологиялық жарақат алмағанын айтады. Дегенмен ол бейқам уақытта күтпеген жағдайға тап болғаннан кейін қатты жиіркеніп қалған. Ол бейтаныс нөмірлердің видео қоңырауына жауап бермген абзал дейді. Таныс емес адамның сізге видеомен хабарласуы жеке шекараны бұзу. Өкінішке қарай, әлемде осыған ұқсас оқиғаны басынан өткерген адам көп. Сонымен, интим фото жіберу немесе секстинг, нюдс, дикпик деген не?
Секстинг, нюдс, дикпик: адамдар не үшін интим фото немесе видео жолдайды?
Секстинг - адамдардың әлеуметтік желі, мессенжер немесе басқада қолданба арқылы бір-біріне интим фотоларын, видеоларын, мәтін жолдауы. Әдетте адамдар денесінің бір бөлігін немесе толық жалаңаш бейнесін суретке, видеоға түсіріп жібереді. Мұның ішінде нақты суретке қатыстысын нюдс (ағылшынның nud – жалаңаш сөзінен шыққан) деп атаймыз. Психолог, сексуал сауат бойынша маман Әсел Шаназарованың айтуынша, секстинг екіге бөлінеді: адамның еркі арқылы және еркінен тыс. Әдетте секстинг екі жақтың келісімі арқылы жасалады. Ал адамдарды көбіне ыңғайсыз жағдайда қалдыратын, қалауын ескермейтінін “дикпик” деп атаймыз.
Дикпик - ер адам мүшесінің суретін, видеосын түрлі мессенжер арқылы жіберу. Әдетте оны ер адамдар өзінің жыныс мүшесін өзі танитын не танымайтын әйелдерге, балаларға олардың қалауынан тыс жолдайды. Дикпиктен соң адамдар өзін қауіпсіз сезінбейді.
"Күтпеген жерден интим фото алған адамдар, әсіресе әйелдер, қыздар мен балалар түрлі эмоцияны бастан өткеруі мүмкін. Кейбірі осыдан кейін өзін лас, қолданып кеткендей сезінеді. Енді біреулер қорқып қалады, жеке шекарасы бұзылғанын сезеді. Өкінішке қарай, қоғамда да дикпикке, секстингке аса мән берілмейді. Адам осындай жағдайға тап болғанын айтса, көбі оны әзілге айналдырып жібереді. Оған қоса кей адам бала кезінде зорлық-зомбылықтың бір түрін көріп, оны санасы ұмытып қалуы мүмкін. Бірақ осындай еркінен тыс болатын секстинг, дикпик кезінде сол жарақаты есіне түсіп жатады", - дейді психолог Әсел Шаназарова.
Әсел Шаназарова
Психолог
Онлайн-дэйтинг және дипфейк: жаңа қауіп
Қазір қарбалас өмірде жастар интернет арқылы танысып, қарым-қатынас құруды жөн көреді. Тіпті күнделікті өмірде де онлайн байланысады. Мұндай романтикалық коммуникацияны онлайн-дэйтинг дейміз. Бұл жастарға ара-қатынас құруды жеңілдеткенімен, интим фотоның тарап кетуі, дипфейк сияқты қауіпті мәселелерге себеп болуы мүмкін. Дипфейк – адамдардың даусы, фотосы, видеосы арқылы фейк контент жасау. Адам интим фотосын түсірмесе де, алаяқтар оны дипфейк арқылы жасап алуы мүмкін. Ал кейбір адамдар жасанды интеллект арқылы жасалған фотоларды ажырата бермейді. Дегенмен ЖИ компаниялары қазір барынша адамдардың қауіпсіздігін ойлап жатыр. Дипфейк фотоларды анықтау үшін оларға арнайы белгі қою міндеттеліп отыр. 
Психолог Әсел Шаназарованың айтуынша, секстинг - коммуникация түрінің бірі. Сол себепті бір-біріне интим контент жолдайтын адамдарды айыптай алмаймыз.
“Бұл - олардың өз еркі, құқығы. Кейбір адамдарға осылай сезімін, сенімін білдірген ұнауы мүмкін. Енді біреулер осылай ойнағанды жақсы көреді. Біреулер өмірде қарым-қатынасқа түсе алмай, осы әдісті қолдануы мүмкін. Тағы бір адамдар қашықтағы қарым-қатынасын осылай нығайтуы ықтимал. Мұнда секстингтің екі түрін ажыратып алуымыз керек. Екі жақтың келісімі арқылы жасалған секстинг - қалыпты нәрсе. Ал бір тараптың рұқсатынсыз, еркінен тыс екінші тараптың интим контент жіберуі зорлық-зомбылық, жеке шекараны аттау болып саналады”, - дейді психолог. 
Интим фотоңды, видеоңды жібергеннің салдары қандай болуы мүмкін?
Жоғарыда айтқанымыздай, интим бейнесін жіберген адамды ешкім айыптай алмайды. Дегенмен мұнда әңгіме адамның жеке бас қауіпсіздігінде. Себебі интим контентке ие болған адамның ішкі ниетіне ешкім жауап бере алмайды.

Адамның интим фотолары желіде тарап кетуі мүмкін. Оған қоса ол қоқан-лоқының құрбанына да айналуы ықтимал. Интим фотоны рұқсатсыз көпшілікке жариялаған адамның оған түрлі себебі болуы мүмкін. Кейбір адам екінші бір адамды мазақ етеді, кек алады немесе қорқытып, ақша жымқырады. Мәселен, “Тэд Лассо” деген америкалық сеиалдың бір үзіндісінде пиар маманы болып істейтін кейіпкердің интим фотосы тарап кетеді.
Ал қазақстандық “Мошенники” сериалында бір ер адам бір қызбен видеоқоңырау арқылы байланысып, онлайн қарым-қатынасқа түседі. Әрине, ол онлайн қызметтің ақысын төлеген, екі жақ келісіп тұр. Дегенмен қыз алаяқ болып шығады. Ол дереу тағы 500 мың теңге бермесе, қазіргі болған интимдік қатынастың видеосы сақталғанын, оны интернетке таратып, масқара ететінін айтады.

Фильмдегідей жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін. Сол себепті нюдсті, секстингті қалыпты процесс деп санайтындар да сақтық үшін аса қырағы болуы керек. Оны жібермей тұрып, мың рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс.
“Ересек адам өз қалауымен интим бейнесін жібергісі келсе және екінші тарап та оған келіссе, болашақтағы қауіпсіздігі үшін біраз нәрсеге назар аударуы керек. Мәселен, суретте не видеода түр-әлпеті көрінбегі жөн. Ұзақ сақталмайтын, бір көргеннен өшіп қалатындай етіп жіберуге тырысыңыз. Жеке деректеріңізді жолдамаңыз”, - дейді психолог Әсел Шаназарова.
Интим фотом, видеом тарап кетсе, не істеймін?
Интим фотосы интернетте тарап кеткен немесе осыған байланысты қоқын-лоқының құрбаны болған адамдарға психолог Әсел Шаназарова мен заңгер Нұрсұлтан Нұрланов мынадай кеңес береді:
  • Өзіңізді кінәламаңыз. Интим суреті, бейнесі тарап кеткен адамның еш айыбы жоқ. Ол өзгелердің алдында ақталуға міндетті емес, керісінше, адамның рұқсатын алмай, оған қатысты бейнені қасақана таратқан адам кінәлі. Ал интим фотосы, видеосы тарап кеткен адамның ашуланғаны, ренжігені, құлазығаны - ашулауыңыз, ренжуіңіз, көңіліңіз түсуі мүмкін - түрлі сезімді бастан өткеруге құқылысыз. Ең әуелі өзіңізге қалыпқа келіп алуға мүмкіндік беріңіз.
  • Жақын адамыңызға ішкі сезіміңізді айтыңыз. Егер еркіңізден тыс интим бейнеңіз тарап кетсе, өзгенің жалаңаш денесін, жыныс мүшесін көріп, одан кейін өзіңізді жаман сезінсеңіз, ең жақын адамыңызға ішкі жағдайыңызды айтыңыз. Себебі мұндай жағдайда өзіңізді жайсыз сезіну – қалыпты нәрсе.
  • Барынша сабырлы болуға тырысыңыз. Мұндай жағдайда адамға оңай болмасы анық, десе де барынша сабырлы болуға тырысу керек. Себебі рұқсатсыз интим бейнені жіберген адамды әдейі екінші адамның ашулану, қорқу сияқты сезімдерін оятқысы келуі, содан ләззат алуы мүмкін.
  • Дәлел жинаңыз. Біреу интим фото жолдаса немесе қорқытса, оны скрин етіп алыңыз. Бұл полицияға не сотқа жүгінгенде қосымша дәлел бола алады.
  • Қолданбаның техникалық қолдауына жазыңыз. Сізге ұнамайтын контент белгілі бір сайтта, әлеуметтік желіде жарияланса, сол платформаның техникалық қолдауына жазып, оны өшіруін сұрауға болады. Көптеген платформа мұндай мәселеге бей-жай қарамайды.
Балаңыз интим фото жіберсе, не істеу керек?
Балалар мен жасөспірімдер де бір-біріне интим фото, видео, гивтер, стикерлер жібереді. Бірақ олар ересектерге қарағанда оны бейсаналы түрде істейді. Балалар қызық әрі жеңіл көріп, ашық бейнелерін жіберуі мүмкін. Ал енді біреулер қатарластарынан не ересектерден қысым көргеннен жіберіп жатады. Бұған әртүрлі фактор себеп бола алады. Мәселен, 12 мамырда Өскеменде бір топ қыздар құрдасын ұрып-соғып, оны шешіндіріп, видеоға түсіруге мәжбүрлеген. Бұдан бөлек зорлық көрсетпей, бірақ сөзбен қорқытып-үркітіп немесе манипуляция көрсетіп те мәжбүрлеуі ықтимал.
Дегенмен ата-атаналар балалармен бұл тақырып жайында өте байқап сөйлескені жөн. Интим фото жіберудің салдарын түсіндіріңіз. Ең әуелі интим фото жібергеннің заң жүзінде жауапкершілігі бар екенін айтыңыз. Оған қоса бұл бейнелер ертең қоқан-лоқыға, буллингке апаруы да мүмкін екенін түсіндіріңіз.

Психолог Әсел Шаназарованың айтуынша, бала осындай қиын жағдайға тап болмас үшін ата-ана әуелі өзі баланың жеке шекарасын аттамауды үйренуі керек. Біріккен Ұлттар Ұйымының PANTS деген ережесі бар. Ол бойынша, адамның киімінің ішіндегі денесін, дене мүшелерін рұқсатсыз ешкімнің ұстауға хақы жоқ. Мұны ата-ана да ескеруі керек. Сонда бала өз жеке шекарасын, қауіпсіздігін қорғап үйренеді. Оған қоса балаға “жоқ” деп айтуды үйрету қажет және олардың “жоқ” дегенін қабылдап та үйрену керек. Баламен интернеттегі коммуникациядағы қауіпсіздікті де үйретіңіз. Егер баланың интим фотосы тарап кетсе, ата-ана оның жанынан табылуы керек. Бала өзін жалғызбын деп сезінбеуге тиіс.
Заң не дейді?
Заңгер Нұрсұлтан Нұрлановтың айтуынша, адам екінші бір адамға оның еркінен тыс интим фото жіберсе, Әкімшілік Кодекстің 434-бабы бойынша жазаланады. Себебі бұл әрекет өзгенің тыныштығын бұзу болып саналады. Мұндай қылмысты жасаған адамға 20АЕК мөлшерде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін қамалады. 
“Біреу сізге интим фото жіберсе, оның хатын скриншот жасап, полиция арыздану қажет. Кінәлі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Кейін азаматтық сотқа жүгініп, моральдық шығынды өндіруге құқылысыз”, - дейді заңгер.
Барлық құқықтары қорғалған
Бұл қылмысты балалар істесе, оның ата-анасы жауапты болады. Ал ақша талап етсе, қоқан-лоқы көрсетсе, Қылмыстық кодекстің 194-бабы бойынша жазасын алады. Егер фотосуретті үшінші тұлғалар жариялаған болса, олар 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынсыз немесе онсыз 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Нұрсұлтан Нұрланов
Заңгер
Қорытындылай келе, интим фото жіберу жеке бас қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін коммуникация түрі. Сондықтан мамандардың пікіріне сүйеніп, мұндай контент жасағанда, жібергенде байқау керек. Осындай жағдайға тап болмас үшін мынадай кеңестер береміз: 
  1. Бейтаныс нөмірлерге жауап бермеген абзал. Бейтаныс адамның хатына, хабарламасына, әсіресе видеоқоңырауына мүмкіндік болса, жауап бермеген жөн. Бөтен адамға видеоқоңырау арқылы хабарласу – жеке шекараны аттау. Ал онда нюдс, дикпик белгілері болса – екі есе заңбұзушылық.
  2. Таныс емес адамдарға жеке әрі интим бейнелеріңізді жібермеңіз. Ол адамға қатты сеніп тұрсаңыз да, цифрлық әлемде сіздің контеніңіз бөтен адамның қолына түсуі мүмкін екенін ұмытпаңыз.
  3. Балаларға құпиялықтың маңызын түсіндіріңіз. Фото мен жеке деректерді интернет немесе мессенжерлер арқылы ешқашан жіберуге болмайтынын, әсіресе бейтаныс адамдарға немесе қысым жасайтындарға бермеу керектігін ұқтыру керек.
  4. Балалардың онлайн қаншалық белсенді екенін бақылаңыз. Интернет қауіпсіздігі туралы балалармен сөйлесіп, оларға қандай қауіп-қатер бар екенін түсіндіріңіз және ашық диалог жүргізіңіз. Осылай, бала кез келген жағдайда сізге көмекке жүгінуге болатынын біледі.
  5. Мамандардың көмегіне жүгінуден қорықпаңыз. Жағдай ушығып тұрса, мәселені шешу үшін психологтан немесе заңгердің көмек сұраңыз. Оның еш әбестігі жоқ. Бұл жеке қауіпсіздікті қорғауға және сенімді қалпына келтіруге көмектеседі.
Қалай тиімді онлайн коммуникация құруға болады?
Өкінішке қарай, байланыс операторлары адамдардың интернеттегі коммуникациясы кезінде туындайтын қауіп-қатердің барлығының алдын ала алмайды. Дегенмен байланыс операторлары клиенттеріне ең жақын адамдарымен қарым-қатынас құру үшін шексіз мүмкіндіктер ұсынады.

Altel-дің ұсыныстарының топтамасында «Жеке» деген тариф бар. Оның базалық пакетіне 15 ГБ интернет, Altel және Tele2 нөмірлеріне шексіз қоңырау соғу мүмкіндігі (құны – 3390 тг) кіреді. Қолданушы бұл тарифтің арқасында мессенжерді, онлайн-банкингті, әлі төленбесе де, транспорт жүйелерін (қызмет автомат түрде қосылады, 3 күн істейді) тегін қолдана алады. «Жеке» тарифін қосқан адам шығындалмай-ақ, қазақстандық сайттарды (домены .kz және қаз).) пайдалана алады. Оған қоса «Шексіз жүйені» қосса (210-510 теңге), әлеуметтік желі мен мессенжерді шексіз тегін қолдануына болады.
Altel ұсынысының топтамасында небәрі 7990 теңгеге отбасының барлық мүшесіне интернетті, мобильді байланысты, TV-ді қолдануға мүмкіндік беретін роутерге арналған 4 тарифі (Жанұя, Жанұя Плюс, Бірге + TВ, Бірге Премиум + TВ). Ол қалай істейді? Сіз 5G-роутерді сатып аласыз не жалға аласыз. Кейін тарифті қосасыз да, жақындарыңызбен бөлісесіз (шексіз интернет пен минуттарды 6 нөмірге, яғни алты адамға бере аласыз). Сонымен қатар сүйікті фильміңізді, сериалыңызды, спорттық бағдарламаны көрсететін 200-ден астам арнасы бар телевидениені тамашалай аласыз.