“Таратпас бұрын ойланыңыз”: Неліктен ақпаратты біреуге жібермес бұрын тексеру керек?
Цифрлы әлемде фейк ақпарат саясатқа, экономикаға және мемлекеттердің, қарапайым адамдардың қауіпсіздігіне әсер ететін жаһандық мәселеге айналды. Интернет пен әлеуметтік желілердің қарқынды дамуының себебінен оның таралуы күннен-күнге артып келеді. Фейк ақпараттың не екенін, оның түрлері мен мақсатын және оны тарататындарды не күтіп тұрғанын түсіну өте маңызды. Бүгінгі материалда Stan.kz ақпарат агенттігі сарапшылар мен Altel байланыс операторы маманының сөзіне сүйеніп, осы тақырыпты тарқатып жазады. 
Stan.kz ақпарат агенттігі мен Altel байланыс операторының цифрлық қауіпсіздікке қатысты жобасы аясында шығып жатқан материалдарын #Желідеқауіпсізбол хэштегі бойынша оқи аласыздар.
Фейк дегеніміз не?
Бұл - қоғамдық пікірді басқару мақсатында жасалған ойдан шығарылған немесе адастыратын ақпарат. Көп жағдайда мұндай ақпарат сенімді дереккөздерге ұқсаc келеді, танымал басылымдардың дизайны мен стилін көшіріп таратылады. Бұл қолданушылардың сенімін арттырып, ақпараттың жылдам таралуына ықпал етеді.

Фейк шынайы ақпаратқа қарағанда тез таралады. Оның себебі — мұндай жаңалықтар эмоцияға әсер етеді, мысалы, қорқыныш, ашу тудырады немесе таңғалдырады.

Бүгінде тек фактчекинг бағытында ғана жұмыс істейтін журналистер бар. Олар редакцияларда немесе жалған ақпарат пен фейктерді анықтаумен айналысатын тәуелсіз ұйымдарда қызмет етеді.
Желіде қалай қауіпсіз боламыз? Арнайы жобамыз жайлы және жарияланған мақалаларды оқып, біліңіз!
Фактчекер – бұл ақпараттың шындыққа жанасатынын, дұрыстығын тексерумен айналысатын журналист. Ол – қоғамдық тұлғалардың мәлімдемелерін, жаңалықтарды, БАҚ және әлеуметтік желілерде жарияланған контентке талдау жасайды, зерттейді. Фейк  қандай мақсатта таралатынын және ақпаратты тексеру тәсілдерін Factcheck.kz порталының фактчекері, журналист Жансерік Тілеуханнан білдік.

Оның бұл салада жүргеніне бірнеше жыл болды және қазіргі уақытта деректерді тексеру бойынша журналистерге дәріс өтеді.  

Жансерік Тілеухан фейк жүз пайыз ойдан шығарылған ақпарат, ал жалған ақпаратта шындық бар болуы мүмкін дейді. Сөзінше, осы екеуін ажырата алу қажет. Маман қазіргі заманда фактілерді тексерудің қаншалық өзекті екенін мысалмен түсіндіреді. 
“Осыдан бірнеше апта бұрын екінші деңгейлі банктер халықаралық стандартқа көшуіне байланысты белгілі бір уақыт жұмыс істемейді, операцияларды жүзеге асыру қолжетімсіз болады деген ақпарат WhatsApp мессенжерінде, TikTok-та тарады. Резонанс тудырған ақпарат халықты дүрліктіріп, нәтижесінде адамдар банкоматтардан ақшасын шығарып алып жатты.

Кез келген журналист, аудиториясы бар блогер, азаматтық қоғам өкілдері қандай ақпарат таратып жатқанына аса мән беруі керек. Себебі халық бұрынғыдай ақпарат алу үшін газет, журналдарды, кешке қарай болатын жаңалықтарды күтіп отырмайды. Олардың ақпарат тұтынатын каналдарының түрлері көп. Сондықтан кез келген ақпаратты таратпас бұрын оған верификация жасау маңызды”, - дейді журналист.
Жансерік Тілеухан
фактчекер
Фейктер не мақсатта таралады?
Фейктердің таралуына не себеп болатынын анықтау үшін белгілі бір фокус топты алып, солардың мысалында зерттеу керек, арнайы әлеуметтанушылардың бақылуы қажет дейді Жансерік Тілеухан.
“Өз тәжірибемнен айтар болсам, фейктің көп таралуына түрткі болатын нәрсе - сезіммен ойнау. Адамның бойында жақсы, жаман сезімдер көп: жақсы көру, қорқу, қуану т.с.с. Осы халықтың сезімімен ойнау арқылы сананы тұмшалап, ақпарат таратады. Алаяқтар осы арқылы жеке деректерге қол жеткізіп, өз пайдаларына жаратады. 

2016 жылы Оксфорд сөздігі жыл сөзі ретінде “постшындық” сөзін атады. Біз қазір шындықтан кейінгі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Демек адамдарға қазір шындық емес, эмоция маңызды. Ақпарат түрленіп, бұрмалана берген сайын оған халықтың назары көбейеді, оны көбек оқиды, көреді”, - деп түсіндірді маман. 
Сөзінше, әлеуметтік және саяси тақырыптағы фейктер көп тарайды.
“Коронавирус кезінен басталып әлі күнге дейін әлеуметтік, яғни тікелей халықтың қаражатына әсер ететін және саяси бағыттағы фейктердің жиі таралып жатқанын байқаймыз. Сол уақытта естеріңізде болса, 42 500 теңге мемлекет халыққа көмек ретінде берген еді. Осындайда “Тегін ақша таратып жатыр десе, оны неге алмасқа” деген ой туындап, “барып, кіріп көре салайық”, “баса салайық нем кетіп жатыр” деп алаяқтардың құрығына ілініп жатады, - дейді ол.
Фотограф Джон Мурдың Пулитцер сыйлығын жеңіп алған суреті
Фото қалай адастыруы мүмкін?
2018 жылы шетелдік БАҚ беттері мен әлеуметтік желіде жылап тұрған кішкене бүлдіршіннің фотосы таралды. Бұл суреттің авторы фотожурналист Джон Мур осы жұмысы үшін журналистикадағы ең беделді марапат Пулитцер сыйлығын жеңіп алды. Суретте шекараны заңсыз өтіп бара жатқан қыздың анасын құзырлы органдар ұстап алып жатқаны көрінеді.
Time журналы бұл фотоны сол кездегі АҚШ президенті Дональд Трамптың фотосымен біріктіріп, жаңа иллюстрация жасап шыққан. АҚШ пен Мексика шекарасында ата-аналарынан ажыратылған балаларды көрсету үшін осы эмоционалды иллюстрацияны Time журналы өз мұқабасына жариялаған. Бұл фотоны медиа АҚШ-тағы миграциялық саясаттың қатал екенін көрсету үшін жақсы пайдаланды. Көбі бұл фотоға “анасы мен қызын екіге айырды”, “не деген жауыз жүйе” деген сынды сипаттама беріп таратты.

Осылайша көпшілік қызға шынайы жаны ашып, осы бір бүлдіршіннің бейнесінен күллі балалардың жүзін, әсіресе, қызыл крассовка, джинсы, ұзын жеңді киім киген өз балаларын көргендей болды. Алайда журналистер кейінірек оқиғаның шын мәнінде дәл бұлай болмағанын мәлімдеді. Анығында, қыз бен анасын екіге бөліп ажыратпаған екен, екеуін бірге алып кеткен.

Цифрлы авторлар мен редакторлар кейде қоғам назарын әлеуметтік мәселелерге аудару үшін осындай тәсілдерді қолданады. Бұл қызу талқы тудырады, осылайша медиа кеңістікте визуалды материалдардың күшін көрсетеді. Алайда шығармашылық тәсілдері мен фактілерді бұрмалаудың арасындағы айырмашылықты түсіну маңызды. Бұл жағдайда коллаж дәстүрлі мағынадағы фейк болмаса да, оны қабылдау түсірілім сәтіндегі нақты жағдайдан өзгерек болуы мүмкін.
Фейктің қандай түрлері бар?
Жалған деректерге негізделген жаңалықтар күн өткен сайын күрделеніп, алуан түрлі болып барады. Әртүрлі фейктердің кликбейттен бастап күрделі дипфейктерге дейін өзіндік мақсаттары мен таратылу әдістері бар. Олардың әрқайсысы аудиторияға түрлі әсер етеді. Фейктердің негізгі түрлері және олардың ерекшеліктерін қарастырайық.
Фейк ақпарат өмірге де қауіпті
Алматылық Гүлсезім Мұхатай адамдар текерілмеген тіпті өмірге қауіп төндіруі мүмкін екенін ойлана бермейді дейді. Ол өз тәжірибесінде Алматыда болған жер сілкінісінен кейін мұны сезінген. Сол уақытта таралған жаңалықтардың арасында фейк ақпаратқа өзі де сеніп қалғанын айтып берді.
"Ғаламтордағы барлық ақпаратқа сенбеймін" дегеннің өзінде кейде алданып жатамыз. Мәселен, жыл басында Алматыдағы 5 балдық жер сілкінісі кезінде бәріміз қатты шошып қалдық. Мен өзімнің қауіпсіздік шаралары туралы білімімнің жоқ екеніне көзім жетті. Себебі жер сілкінгенде қайда қашарымды, қай жердің қауіпсіз екенін білмей сасып қалдым.

Сол уақытта желідегі парақшаларда тоңазытқыштың жаны жер сілкінісі кезінде өте қауіпсіз, Заттар түскенде немесе ғимарат құлағанда бос орын пайда болатын жердің, әдетте төсек пен шкафтың арасындағы аумақ "Өмір үшбұрышы" деп аталатынын және сол жерді қауіпсіз деп атап, видео түсірген блогерлердің контентін көрдім. Тіпті құжаттарымды салып дайындаған сөмкемді тоңазытқыштың жанына қоятынмын. Үйдегі шкаф пен сөрелердің жанынан "Өмір үшбұршын" өзімше есептеп жүрдім. Себебі ғаламторда олардың адам өмірін сақтап қалатыны туралы ақпарат желдей есті. Қобалжып жүргенде тіпті мұның дұрыс-бұрысын тексермейді де екенсің.

Кейін, әрине, дүрбелең басылғаннан кейін түрлі қауіпсіздік шаралары туралы ақпаратты ғаламтордан іздей бастадым. Есімізді жиған кезде бұл тәсілдердің шын мәнінде жалған ақпарат екеніне көзім жетті. Тіпті желіні жаулап шындай көрінген бұл тәсілдердің шынында адамды құтқармайтынына түрлі зерттеулер бар екен. Осыдан соң, тіпті шындыққа ұқсаса да, қанша сенгіміз келіп тұрса да, ақпаратты бір тексеріп көз жеткізу керегін ұқтым”, - дейді ол.
Гүлсезім Мұхатай
Алматы қаласының тұрғыны
Оның айтуынша, желіде таралған кез келген контентті шындық деп қарастыра бермеген дұрыс. Ақпаратқа сын көзбен қарау маңызд және оны әрдайым беделді және тексерілген дереккөздер арқылы тексеру керек.
Жасанды интеллект және фейктер
Жансерік Тілеуханның сөзінше, қазіргі ЖИ арқылы фейктердің дамығаны соншалық адамның келбетін еш өзгеріссіз тікелей таратқан кезде, қарапайым халық тұрмақ журналистерге ажырату қиын болады. Оған арнайы құралдар керек, зерттеу қажет.
“Мысалы, дипфейк - аудионы не видеоны жасанды интеллект көмегімен синтездеу, өзгерту әдісі. Мұнда видео арқылы танымал тұлғаларға өзіне қажетті сөздерді айтқызады. Мысалы, президенттің бейнесімен жасалған “екі тарап келесімге келдік, соғысты тоқтаттық” деген аудио YouTube-те таралып кеткен еді. Қазақстандық кейстер де бар. Ірі бір банктің CEO-сының бейнесін алып “Банк ақша таратып жатыр, тезірек ақша алып қалуға тырыс” деген фейк тараған еді. Оның артында алаяқтардың тұлғалардың жеке дербес деректеріне қол жеткізу мақсаты тұрды”, - дейді ол. 
Ақпараттың фейк екенін қалай анықтаймыз және тексереміз?
Фактчекер кез келген ақпаратқа сүзгімен қарау қажет екенін айтады.
“Ең алдымен, біздің санамыз өте үлкен ресурс екенін түсіну қажет. Сананы сыни ойлауға дағдыландыру керек. Сұрақ қоя білу, оған күмәнмен қарау - бұл негізгі қарапайым ереже. Әр фейкке әртүрлі құралдарды қолдануға болады. Барлық адамда телефон бар, сондықтан көпшілікке пайдалы болатын Photo Sherlock деген қосымшаны айтар едім. IOS, Android-та қолжетімді, соны жүктеп алу керек. Google, Яндекс Image search іздеу жүйесі, TinEye қосымшасы арқылы кез келген суретті, видеодағы детальдарды скрин жасап, іздеп Қазақстанда болып жатыр ма, жоқ па, тексеруге болады. Одан бөлек, RevEye браузерге арналған плагин орнатуға болады. Онда фото тексеруге арналған құралдары кіріктірілген.
Ақпаратты тексеретін Factchek.kz, Stopfake.kz сияқты сайттары, мемлекеттік органдардың ресми мәлімдемелері сенімді дереккөз деп айтар едім. Егер адам фейк ақпаратпен кезіксе, яғни белгілі бір деректің шынайы екеніне күмән келтіріп тұрса, мемлекеттік органдарға жүгінуіне, олардың әлеуметтік желідегі парақшаларына кіріп, сол ақпаратты тексеруіне болады, не бізге хабарласып, көмек сұрауына болады”, - дейді маман.
Дұрыс және сенімді ақпаратты алу, сондай-ақ жалған мәліметтерден қорғану үшін арнайы әдіс-тәсілдерді қолдану өте маңызды. Ақпараттың қаншылық сенімді екенін былай тексеруге болады:
1. Дереккөзді тексеру
Ақпарат қайдан пайда болғанын анықтаңыз. Ресми және сенімді ақпарат көздеріне сүйеніңіз. Белгісіз немесе күмәнді сайттар мен әлеуметтік желі парақшаларындағы жаңалықтарға сақтықпен қарау керек.

2. Бірнеше дереккөзбен салыстыру
Ақпараттың шынайылығын растау үшін кемінде екі-үш тәуелсіз дереккөзді салыстырыңыз. Ресми ақпарат агенттіктерде немесе жаңалық порталдарында дәл сол ақпарат жарияланған ба, іздеп көріңіз.

3. Фактчекинг платформаларын пайдалану
Factcheck.kz, Stopfake.kz секілді платформалар ақпараттың шынайылығын тексеруге көмектеседі. Бұл сайттарда арнайы мамандар фактчекерлер жұмыс істейді, фейктерді анықтап, дәлелдеп теріске шығарады.

4. Фотосурет пен видеоны тексеру
Сурет немесе видео шынайы ма, жоқ па – оны да тексеріңіз. Жоғарыда аталған ресурстар арқылы суреттің түпнұсқасын тауып, оның басқа жерде қолданылған-қолданылмағанын білуге болады.

5. Автор мен сайт туралы ақпаратты табу
Жаңалықтың авторы бар ма, сайтта нақты байланыс ақпараты көрсетілген бе – осыны тексеріңіз. Егер сайтта нақты ақпарат жоқ болса, бұл фейктің белгісі болуы мүмкін.

6. Мәтіндегі қателерге назар аудару
Фейк жаңалықтарда грамматикалық және стилистикалық қателер жиі кездеседі. Ресми ақпарат агенттіктерінде мұндай қателер сирек ұшырасады.

7. Пікір мен фактіні ажырату
Ақпараттың шынайылығын тексеру кезінде материалдың фактілерге сүйеніп жазылғанына көз жеткізіңіз. Егер жаңалық тек болжамдар мен эмоцияға негізделген болса, оның шынайылығына күмән келтіруге болады.
Фейктерді таратсаңыз, не болады?
Қазақстан Республикасының заңнамасында жалған ақпарат тарату Қылмыстық Кодекспен қаралады. Заңгер Альбина Бахтиярқызының сөзінше, жалған ақпарат тарату кімге байланысты жүріп жатқанын анықтау керек.
“Адамның жеке басына қатысты болса, жала жабу деген Әкімшілік Кодекстегі баппен қудаланады. Ал егер жалған ақпарат қоғамның қауіпсіздігіне зиян келтірсе, интернетте таралса, Қылмыстық кодекстің 274-бабымен қарастырылады. Бұл дегеніміз жалған ақпарат таратуға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін деген сөз. Онлайн түрде болса, қылмыстың квалификациясын ауырлататын мән-жай болып есептеледі. Оған жаза көбірек тағайындалады, соның ішінде 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Альбина Бахтиярқызы
Заңгер
Жалған ақпарат қоғамдық тәртіпті бұзатын болса, адамның құқықтарына зиянын тигізсе, 1000 АЕК (3 692 000 теңге) айыппұлмен немесе 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылып жазалануы мүмкін.
Ең ауыр жаза бас бостандығынынан айыру бір жылға дейін, ал онлайн түрде жазаланса 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе 3000 АЕК  (11 076 000 теңге) айыппұлмен жазалануы мүмкін”, - дейді маман. 
Одан бөлек, ақпараттың авторы және таратушысын нормативтік құқыққа сәйкес жазалауға болады. Заңгер жасанды интеллекттің қолданылуы жалған ақпараттың анықталуын қиындататын жағдай деп есептеледі екен. Себебі ондай жағдайда жалған ақпараттың авторын да, таратушысын да анықтай алмауы мүмкін. Дегенмен онлайн түрде жалған ақпарат таратқан адамды құқық қорғау органдары жылдам тауып алуға қауқары бар.
“Қазіргі кезде осындай қылмыстарды ашатын арнайы мамандар бар. “Whatsapp-та, Instagram-да таратсам ешкім таппай қалады” деп ойламау қажет. Фейк аккаунттардың өзін белгілі-бір параметрлер, IP мекенжайы бойынша тауып алуға болады”, - дейді Албина Бахтиярқызы.
Телефон нөмірі мен контактілерді қалай қорғауға болады?
Біз фейктер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Оқып отырған жаңалықтар (сенімді ақпаратты медиа көздерден іздеген жөн), сондай-ақ хабарландырулар да (пәтерді жалға алу немесе сатып алғысы келіп, іздегендер жалған хабарландырулардың көп екенін біледі) сервистер де фейк болуы мүмкін. Дәлірек айтсақ, сервистерді сіздің жеке деректеріңізді алу мақсатында жасап шығара алады, осылайша телефон нөміріңіз бен ондағы адамдардың байланыс ақпаратын пайдаланады. Бүгінде телефон номері – әлеуметтік желілерге, поштаға, банк қосымшаларына кіруге арналған негізгі кілт.

Өзімізді және жеке деректерімізді қалай қорғауға болатыны туралы Tele2/Altel ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Владимир Рядинскийден сұрадық.

Оның сөзінше, жеке деректерге қол жеткізудің бірнеше кең таралған әдістері бар:
  • Адамға компания немесе оператордың ресми қосымшасын жүктеу үшін сілтемеге өту туралы SMS келеді. Бірақ шын мәнінде, бұл сілтеме қосымшаға апармайды. Ол .apk деген форматтағы қосымшаны жүктеп алады. Бұл қосымша құрылғыға қол жеткізіп, контактілерге жалған хабарламалар таратып, ақша аударуды сұрауы немесе құрылғыңызды ботнет желісінің бір бөлігі ретінде пайдаланып, зиянды бағдарламаларды әрі қарай таратуы мүмкін.

  • Бұл әдістің тағы бір түрі – веб-нұсқадағы тіркелу қызметін пайдалану арқылы жүзеге асады (мысалы, WhatsApp және Telegram). Мұны алаяқтар жиі қолданады.
“Мессенжерлердегі бұл сервис заңды жұмыс істейді. Алайда сізге алдын ала дайындалған тіркелуге арналған сілтеме жіберіледі, ол жасырылған болады. Сілтемеге өткен кезде сіз басқа құрылғыны өзіңіздің хаттарыңызды ашуға рұқсат бересіз. Сілтемеге кіріп, QR-кодты қашықтан растаған кезде олар телефоныңызға кіреді, ал сіздің құрығыңыз бұл әрекетті растағандай болады. Қосымшаға тіркеліп қойсаңыз, бұл әрекетке рұқсат беріледі. Осылайша, алаяқтар сіздің деректеріңізге қол жеткізеді. Кейіннен олар адамдарға "200 мың теңге аударыңыз", "500 мың теңге аударыңыз" деп хабарламалар тарата бастайды. Мұның бәрі алдын ала дайындалған скрипттер арқылы жүзеге асады. Олар сіздің әрекеттеріңізге ұқсас хабарламалар тарату үшін мүмкіндігінше көбірек ақпарат, контактілер мен хат-хабарларды жинайды”, – дейді Tele2/Altel ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Владимир Рядинский.
Владимир Рядинский
Tele2/Altel компаниясының ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің басшысы
Бұдан қалай қорғануға болады?
Сілтемелерді ашсаңыз да, сенімді адамдардан келгеніне көз жеткізіңіз. Егер қашықтан сөйлесіп жатсаңыз, дәл сол тұлға екеніне көз жеткізіңіз. Егер адам сізге бұған дейін сілтеме жібердім деп айтқан болса ғана оларды ашуға кеңес беремін.

Белгісіз нөмірлерден хабарламалар/қоңыраулар қабылдамаңыз. Мұны мессенжерлерде оңай баптауға болады. Осылайша олар сізді артық мазаламайды.

Құпиялылықты сақтау баптауларына назар аударыңыз. Адамдардың нақты аты-жөніңізді пайдаланбай-ақ қойыңыз, оны контактілер тізімінен тыс адамдарға көрсетпеңіз.

Екі факторлы аутентификацияны қолданыңыз, сәтті тіркелгеннен кейін кіруге арналған PIN-код немесе пароль орнатыңыз.

Қажетті қосымшаларды тек ресми қосымша дүкендерінен жүктеңіз – App Store, Play Market. Бұл дүкендерде қосымшалар қатаң тексерістен өтеді. Сізге мессенжерлер арқылы немесе ресми емес қосымша дүкендерге апаратын сілтемелер арқылы жіберілген қосымшаларға сенбеңіз.
Әлеуметтік желідегі қанат белгісі: сенуге бола ма, жоқ па?
Әлеуметтік желілердегі көк қанат – бұл аккаунттың түпнұсқалығын растайтын белгі. Ол адамның немесе компанияның верификациядан өткенін және аккаунттағы мәліметтердің шынымен де соларға тиесілі екенін білдіреді.

Алайда бұл белгі контенттің сапасы жоғары немесе аккаунттың ерекше мүмкіндіктері барын білдірмейді. Аудитория бұл профиль шынайы брендке немесе блогерге тиесілі екенін түсіну мақсатында жасалған.
Кейде алаяқтар танымал адамдардың не брендтердің атынан желіде аккаунт ашып, байқау жариялайды. Әдетте олар өздеріне жазылып, сториске белгілеуді, жеке деректерін жазуды сұрайды. Осылайша қарапайым халық таныс логотиптер мен суреттерді көріп, ақша (сыйлық үшін енгізілетін жарна), паспорт және карта деректерін жіберіп қояды. Осындай жағдайға тап болмау үшін арнайы белгіні аккаунтқа беру үшін желі әкімшілігі тұлғаны не компанияны тексерістен өткізеді.

Дегенмен ресми аккаунт деген белгілі бар парақшаларға да қатты сене бермеген дұрыс дейді журналист Жансерік Тілеухан.
“Желідегі белгі ақпараттың шынайылығын немесе ресмилігін білдірмейді, өйткені бүгінгі күні бұл белгілерді кез келген адам немесе ұйым сатып ала алады. Қарапайым пайдаланушылардан бастап, үлкен медиа компанияларға дейін әлеуметтік желілерде абырой жинау үшін түрлі жолдарды қолданады”, - дейді фактчекер.
Айта кету керек, қазір әлеуметтік желілер мен видеохостингтер фейктер мен дезинформацияға қарсы күресу үшін жаңа құралдарды белсенді түрде енгізіп жатыр.
Мысалы, YouTube кликбейт пен жалған ақпаратқа қарсы жаңа шараларды қолға алуда. Платформа әсіресе жаңалықтар мен оқиғаларға қызығатын көрермендерді видеоны көруге “азғыратын” тақырыптар мен мұқабаларға қатысты ережелерді қатаңдатады. Жалған уәде беретін видеолар жойылады, ал алгоритмдер мұндай контентті бұғаттайтын болады.

Яғни, егер платформада "Президент отставкаға кетті!" деген тақырыппен видео шығып, оның мазмұны тақырыпқа мүлдем қатысы болмаса, ол видео платформадан жойылады.
Медиа сауаттылықтың негізі – сыни ойлау
Ақпарат ағынының ішінде адаспау үшін әрбір оқырман тұтынатын контентіне таАқпаратты сүзгіден өткізіп, оның рас-өтірігін анықтау – әрбір адамның ақпараттық гигиенасын қалыптастырады. Бұл – өзіміздің және жақындарымыздың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір жолы.
лғампаздықпен қарауы тиіс. Олай болса, фактчекер Жансерік Тілеуханның негізгі қағидаларына тоқталып, негізгі тұжырымдарды қорытындылайық:
Ақпарат ағынының ішінде адаспау үшін әрбір оқырман тұтынатын контентіне талғампаздықпен қарауы тиіс. Олай болса, фактчекер Жансерік Тілеуханның негізгі қағидаларына тоқталып, негізгі тұжырымдарды қорытындылайық:
1.Контентті сүзгіден өткізіңіз.
Контент – тағам сияқты. Егер оны талғамай, кез келгенін қабылдай берсеңіз, "ақпараттық улануға" ұшырауыңыз мүмкін.

2.Күмәнді жаңалықтардан сақ болыңыз.
"Тегін ақша", "сыйлықтар" немесе "бірегей ұсыныстар" сияқты хабарламалар көбінесе шындыққа жанаса бермейді.

3.Кез келген дереккөзді тексеріңіз.
Ақпаратты кім айтқанына қарамастан (мейлі ол президент, банк басшысы немесе сарапшы болсын), оған сыни көзбен қараңыз.

4.Тексерілмеген ақпаратты таратпаңыз.
Видео немесе аудио жазбаның түпнұсқа екеніне көз жеткізбей бөліспеңіз.
Барлық құқықтары қорғалған