Бала психологиясын қалай қорғаймыз?
Психолог Надира Парманованың айтуынша, балалардың интернеттегі психологиялық қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлген жөн. Себебі балаларлың сыни ойлау қабілеті толық дамып үлгермеген, соның салдарынан олар түрлі манилуцияның құрбанына оңай айналуы мүмкін.
“Мәселен, “Синий кит” сияқты ойындар балаларды ойын ойнау сияқты қалауы мен қорқынышын пайдаланып, өзіне тартады. Алғашында олар балаларға ойын ғана ұсынып, кейін жақындарынан айырылуы мүмкін екенін айтып, манипуляция жасап, алдап-арбайды. Сөйтіп балаларды тығырыққа тіреп қояды. Ата-анасымен жақын араласатын балалар мұндай жағдайларды бірден оларға айтады. Десе де “Синий кит” сияқты ойындар, айналада болып жатқан жағдайлар кез келген ересек интернеттің кішкентай қолданушыларының физикалық әрі психологиялық қауіпсіздігіне аса мән беру керек екенін көрсетіп отыр”, – дейді маман.
Психологтың сөзінше, адамның ойлау жүйесі, миы дұрыс дамуы үшін бала мектеп жасына жеткенде ғана интернетті қолданғаны абзал. Әрине, қазір контентті сүзгілеуге арналған түрлі әдіс бар. Десе де ата-ана баласы интернетпен енді танысып, қолдануды үйреніп жатқанда оны жіті бақылағаны дұрыс.
“Интернет – бұл құрал, оны дұрыс қолдануды да үйрену керек. Ең әуелі балаға интернеттегінің барлығы шынайы емес екенін, ақпаратты тексеру керек екенін, тіпті кей мағлұматтың адамның психологиясына қауіпті, сол себепті олар оның қандай бағдарлама мен сайт қолданатынын қадағалап отыратынын түсіндіруі керек. Тағы бір басты мәселе – баланың интернетті қолдану уақыты шектеу және оны қанша уақыт қолдана алатынын алдын-ала келісіп алу. Мәселен, жасөспірімдер үшін интернеттегі коммуникация кәдімгі өмірдегі сияқты маңызды. Бұл жастағыларға интернет әдебін, ондағы қауіптерді айту қажет. Мысалы, интернетте жеке деректерді бөліспеу, агрессияға толы пікірге назар аудармау, өзгеге буллинг көрсетпеу сияқты желі этикетін үйретіңіз. Кибербуллинг және басқа да психологияға әсер ететін жағдайларға қалай реакция білдіру керегін де түсіндіріңіз. Мұның бәрі ас ішу сияқты: құнарлы, бірақ мөлшері аз болсын”, – дейді психолог Надира Парманова.
Маманың айтуынша, әдетте жасөспірімдер сабақта қиналғаннан, төмен баға алғаннан немесе одан басқа жеке мәселесінен мазасыздануы мүмкін. Мұндай кезде оларға Instagram, TikTok сияқты желілер көңілін көтеруге, ойын бөлуге көмектеседі. Бірақ күйзелістен, дұрыс тамақтанбағаннын, ұйықтай алмағаннан адамның дофамині азайып кетеді. Сол сияқты интернетті де көп қолданса, дофамин шұңқырына түсіп кетуі әбден мүмкін.
“Адам интернет, желі бетін сырғытып отырып, уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалады. Сол себепті ата-ана баласының психологиялық жағдайын бақылап, қандай кезде телефонға үңіліп кететінін, оған не себеп болатынын біліп отырғаны жөн. Мазасызданып жүрген балаға күйзелістен шығу жолын үйреткені абзал. Кейде баламен жай әңгімелескеннің өзі пайдалы. Сонда бала ата-анасы жанынан табылатынын, оны түсінетінін сезеді”, – дейді психолог Надира Парманова.
Цифрлық аскезаның пайдасы қандай?
Аскеза – адамның бір мақсатқа жету үшін белгілі бір заттан өзін ерікті түрде шектеуі. Ал адамның әлеуметтік желіге, интернетке уақытша немесе біржола кірмей, өзін шектеуін “цифрлық аскеза” дейміз. Мақаланың басында өз оқиғасын айтып берген Еңлік Сақтан цифлық аскеза әдісін қолданып көргенін айтады. Оның сөзінше, ол бірнеше ай әлеуметтік желідегі парақшасын өшіріп, қолданбаған. Алғашында қиналғанын, қайта-қайта желі бетін ашып қоя берген. Дегенмен соңында цифрлық аскезаның арқасында психологиялық күйі әжептәуір жақсарғанын байқаған.
“Әрине, медиа саласында істеген соң, интернетсіз, әлеуметтік желісіз өмір сүру қиын. Себебі жұмысым ақпаратпен тікелей байланысты. Десе де бір кезде желідегі жеке парақшамды уақытша өшіріп, қолданбадым. Бұрын елдегі оқиғаны, жұлдыздардың өмірін тағы басқа мағлұматтың бәрін желі арқылы еріксіз біліп отыратынмын. Қазір, қарасам оның маған керегі қанша? Біріншіден, шынымен де түрлі қажет әрі қажетсіз ақпараттарды оқымаған соң, миым тынығып қалғандай болды. Өзіме керек ақпаратты іздеп, оқып отырдым. Екіншіден, уақытым көбейіп, біраз шаруамды істеп үлгеретін болдым. Бұрын желі беттерін парақтап отырып, біраз уақытымның зая кеткенін енді байқап отырмын. Сондықтан өзімді желіден уақытша шектегеніме еш өкінбедім. Кейде ас мәзіріңді өзгертіп, азырақ тамақ ішіп немесе көкөніс, салат, жеміс-жидек жесеңіз, асқазаныңыз жеңілдеп, тазарып қалғанын байқайсыз ғой. Артық салмағыңыз да кетіп жатады. Міне, цифрлық аскеза кезінде де дәл солай. Бірақ мұнда миыңыз тазарып, психологиялық ахуалыңыз жақсарады”, – дейді Еңлік.
Десе де цифрлық аскеза өміріңізде біраз қолайсыздық тудыруы мүмкін. Қазір қоғам онлайн әрі офлайн өмірді қатар сүреді. Цифрлық аскеза кезінде адамдармен байланыс орнатуда, ақпарат алмасуда, онлайн қызмет алуда қиналып қалуыңыз мүмкін. Тіпті, әлеуметтік желідегі жаңа трендтерден қалып қоюыңыз да ықтимал. Дегенмен бұл әдісті өз мөлшерінде қолдансаңыз, пайдасы тиері анық.