“Гипноз жасағандай болды”: Мамандар алаяқтықтың жаңа түрлеріне талдау жасады
Алаяқтарды құқық қорғау органдары деп ойлаған Шымкент тұрғыны оларға өз қолымен 3,5 миллион теңгесін беріп жіберген. Ал қарағандылық азамат жеке шотын жалға беремін деп, алаяқтарға алданып, 12 миллион теңге айыппұл төлеуге мәжбүр. Бұл – биыл қазақстандықтардың басынан өткен алаяқтық оқиғаларының бір-екі мысалы ғана. Өкінішке қарай, мұндай жағдайға тап болғандар әлі де көп. Stan.kz ақпарат агенттігі мен Altel байланыс операторы цифрлық қауіпсіздікке қатысты жобасын жалғастырады. Бүгінгі материалда алаяқтарға алданған ел тұрғындарының оқиғаларын баяндаймыз. Ал банк қызметкерлері, Altel байланыс операторының маманы, заңгерлер кейстерді талдап, алаяқтарды тану және олардан қорғану бойынша кеңесін айтып берді. 
Айта кетері, біздің осыған дейін жазған материалдарымызды #Желідеқауіпсізбол хэштегі бойынша оқи аласыздар.
3,5 миллион теңгеге қарызға баттым
Шымкент тұрғыны Айсананың әкесі Талғат алаяқтарға алданып, 3,5 миллион теңгеге қарызға батты. Жыл басында Талғатқа әлдебіреу Tele2 операторы атынан “нөміріңіздің мерзімі өткен, оны ұзарту керек” деп хабарласқан. Ештеңеден күдіктенбеген ол келісіп, телефон нөміріне келген кодты айтып берген. Кейін жағдайды ұмытып, жұмысына кірісіп кеткен. Арада сәл уақыт өткен соң Талғатқа WhastApp-тың видеоқоңырауы арқылы біреу хабарласып, орыс тілінде өзін ҚР құқық қорғау органдарының қызметкері деп таныстырған. Олар Талғаттың әлгінде ғана кодты алаяқтарға айтып қойғанын, енді алаяқтар оның атынан несие рәсімдегенін айтқан. 
Айсана
Талғаттың қызы
“Қоңырау шалған адамның артқы фонында екі қоңыр шкаф, Қазақстанның туы тұрған. Үстіне погоны бар көк киім киіп отырған.  Шашы, қасы-көзі қара жігіт орысша сөйлеген. Әкем оны Қазақстан азаматына ұқсатқан. Хабарласқан адам “Біз еліміздің азаматтарын қорғаймыз, алаяқтарға алдандырып қоймаймыз, ол үшін бізге сенуің керек. Оны ұстаймыз” деп әкемнің сеніміне кірген. Бір қызығы, “қоңырауды өшірме, бізбен байланыста отыр” деп, видеодан басқа жерге назарын аудартпаған. "Қазір банкке барып, ақшаны алып, оны алаяққа апара жатқандай боласыз, сол кезде біз оны ұстаймыз" деген. Әкем гипноз жасады деп ойлайды, себебі қалай телефонындағы Kaspi банк қолданбасына кіріп, 2 миллион теңге несиеге өтініш бергенін өзі түсінбейді. Бірақ бұл банк несие бермеген. Әкем айлығын Halyk банк арқылы алатын. Әлгі адамдар сол арқылы да өтініш бергізген. Сөйтіп әкем 3,5 миллион теңге несие алған”, – дейді Талғаттың қызы Айсана. 
Кейін алаяқтар Талғаттан мақұлданған 3,5 миллион теңгені банкоматтан қолма-қол ақша етіп шығаруын сұраған. Тіпті, “Әуелі тек 500 мың теңгесін ғана шығарып алыңыз. Сосын банк сізге хабарласып, өзіңіздің шығарып-шығармай жатқаныңызды сұрайды. Бұл – жай профилактика. “Иә” деп жауап беріп, картаңызды бұғаттан шығаруын өтініңіз” деп ескертіп те қойған. Бұл сөзден-ақ күмәнданып қалуға болатын еді. Бірақ Талғат сонда да оларға еш шүбәсіз сенген. Шынымен де алаяқтар айтқандай-ақ банк қызметкері хабарласқан. Талғат ақшаны өзі алып жатқанын айтып, картасын бұғаттан шығарып алған. Сөйтіп 3,5 миллион теңгені толық шығарып алып, qiwi терминал арқылы бірнеше нөмірге өзі аударып жіберген. 
“Несиеңіздің өтелгені туралы құжатты бүгін жібереміз деп жақсы қоштасқан. Ертесіне несиенің жабылғаны туралы бір құжат жіберген. Құжатты жіберген соң “Bereke банк картаңыз бар ма? Болмаса қолданбасын плеймаркеттен жүктеп алыңызшы” және “жеке куәлігіңіз бар ма?” деп сұраған. Сол уақытта ғана әкем бір шикілікті сезген. Алаяқтарға тап болғанын түсініп, бірден тұтқаны қойып, полиция бөлімшесіне барған. Полиция “біз оны ұстай алмаймыз ғой, дәлел жоқ, несиені өз қолыңызбен алғансыз” деп айтқан. Оқиға сәл түсініксіздеу. Алғашында ақшаны апарып берейін деп жатқанда біз алаяқты ұстаймыз десе, кейін терминал арқылы салдырған. Осындай сәйкессіздіктерді әкем қалай байқамағаны белгісіз. Банкке қалай барғанымды білмеймін деді”, – дейді Айсана. 
Айсананың айтуынша, осы оқиғадан соң Талғат қатты күйзелген, өзін кінәлі сезінген. Мұны көрген отбасы несиені өздері тездетіп, мерзімінен бұрын өтепті. Бұл оқиғадан алаяқтардың жасы 50-ден асқан Талғаттың цифрлық әрі қаржылай сауаты төмен екенін пайдаланып кеткенін байқауға болады. Өкінішке қарай, осындай алаяқтардың қармағына кез келген адам, әсіресе егде жастағы адамдар түсіп қалады.
Талғаттың оқиғасы: алаяқты қалай танимыз?
Заңгер Нұрсұлтан Нұрлановтың айтуынша, Талғаттың жағдайы — алаяқтықтың классикалық түрі. Алаяқтар Талғатты үрейлендіріп, асықтырып, психологиялық тұрғыдан қысым жасаған. Оның сеніміне толық кіру үшін тек психологиялық шабуыл жасап қана қоймай, құқық қорғау органдарының кейпіне еніп, спектакль ұйымдастырған. Бірақ мұндай алаяқтарды лезде анықтауға болады.
Бірінші белгі – байланыс нөміріне, поштаға келген қандай да бір кодты сұрағаны. Ешқандай банк қызметкері, құқық қорғау органдары немесе басқа ұйым өкілдері нөмірге келген кодты сұрамайды. Оны ешкімге айтуға болмайды.

Екінші белгісі – белгілі бір шотқа ақша аударуды сұрауы. Заңгер құқық қорғау органдары, банк немесе басқада мемлекеттік және жекеменшік ұйым өкілдерінің қарапайым азаматтардан несие рәсімдеуді, ақша шешіп, оның белгісіз бір шоттарға аударуды сұрауға құқы жоқ.

Үшінші белгісі – WhatsApp арқылы қоңырау соғуы. Ресми ұйымдардың өкілдері мессенжер арқылы хабарласпайды. Олар тек ресми нөмірлер арқылы хабарласады. Әдетте шын құқық қорғау органдары қандай мәселе болмасын, бөлімшеге келуін сұрап, хабарласуы мүмкін. Ал банк қызметкерлері қоңырау шалғанда “сіздің қоңырауыңыз жазылып жатыр” деген автоматты хабарландыру болады.
Нұрсұлтан Нұрланов
Заңгер
“Шынымен де құқық қорғау органдарынан хабарласып-хабарласпағанын анықтаңыз келсе, қай бөлімшеден хабарласып тұрғанын, толық аты-жөнін, лауазымын сұрап алыңыз. Кейін тұтқаны қойып, сол бөлімшенің ресми нөміріне хабарласып сұраңыз немесе бөлімшенің өзіне барыңыз. Сонда сіз алаяққа да алданбайсыз, басқа да күмәнді ойыңыздан құтыласыз”, – дейді заңгер. 
Home Credit Bank-тың алаяқтыққа қарсы іс-қимыл талдауы басқармасының аналитикалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Салтанат Кульпеисованың айтуынша, көбінесе алаяқтар биометриялық тексерулерді айналып өтпейді, керісінше клиенттің өзіне оны орындауын сұрайды, яғни клиент өзі суретке түсіп, белгілі бір әрекеттерді орындайды. Тіпті кейбір адамдар дәл сол сәтте “Несие рәсімдегелі жатырсыз” деп шығып тұратын жазуға да мән бермейді. Ал енді бір алаяқтар жәбірленушінің фотосын, видеосын қолданып, жасанды интеллект арқылы биометрия дерегін қолдан жасайды. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін банктер жалған бейнелерді анықтайтын технологияларды енгізу арқылы биометрия тексерулерін жетілдіріп жатыр.
“Адам алаяққа код санын айтып қойғанын, жеке дерегін беріп қойғанын, ол үшін биометрия тексерісінен өтіп қойғанын түсінсе, дереу банктердің ресми сайттарында көрсетілген қысқа нөмірлерге қоңырау шалып, картасын бұғаттап, алаяқтық туралы хабарлауы керек. Кей жағдайларда банк уақытылы әрекет етсе, несие рәсімделуін тоқтатуға мүмкіндік бар. Ал алаяқтар несие рәсімдеп үлгерсе, зардап шеккен адам бірден банкке және полицияға жүгініп, алаяқтық туралы хабарлап, тиісті дәлелдерді ұсынуы қажет. Адам несиені рәсімдеуге келісім бермегені және қызметтерді пайдалану шарттарын бұзбағаны анықталса, банк оны алаяқтықтың құрбаны ретінде тануы мүмкін”, – дейді Салтанат Кульпеисова. 
Салтанат Кульпеисова
Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл талдауы басқармасының аналитикалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы
SIM-картаңыздың мерзімін ұзартып береміз деп, атымнан бірнеше микронесие алды
Жуырда Алматы тұрғыны Айнұр Мұхадиге бейтаныс адамдар қоңырау шалды. Олар өзін байланыс оператор қызметкерлері ретінде таныстырып, SIM-картасының жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін, жақын арада ұзартпаса, нөмірі бұғатталатынын айтқан. Телефонның арғы жағындағы дауыс сабырлы әрі сенімді естілген, ал жағдай шұғыл көрінген. Айнұр  SIM-картасының жарамдылық мерзімін ұзартпаса, архивінен, қосымшаларынан, банк хабарламаларынан және маңызды байланыс нөмірлерінен айырылып қаламын деп уайымдаған. 

Кейін Айнұр байланыс нөмірін ұзартпағанын, алаяқтарға кодты айтып қойғанын түсінген. Ал әлгі несиелерді өзі төлеген.
“Оны ұзарту үшін арнайы код енгізу қажет екенін түсіндірді, ал ол код қазір SMS арқылы келетінін айтты. Бірнеше секундтан кейін, расында да, 1414 нөмірінен хабарлама келді. Еш күмәнданбай, кодты дауыстап айтып бердім. Алайда бірнеше сағаттан соң күмәнді жағдайлар басталды: банк хабарламалары бірінен соң бірі келе бастады. Сөйтсем алаяқтар менің атымнан микроқаржыұйымдарынан несие рәсімдеген екен”, – дейді Айнұр.
Айнұр Мұхади
Алматы тұрғыны
Айнұрдың оқиғасы: алаяқты қалай танимыз?
Жоғарыда баяндалған Талғаттың да, Айнұрдың да оқиғасында алаяқтар “SIM-картаңыздың мерзімі бітті” деп алдап соққан. Шын мәнінде, байланыс нөмірінің жарамдылық мерзімі біте ме? Altel/Tele2 байланыс операторының ақпараттық қауіпсіздік бойынша менеджер Абылай Еркебайдың айтуынша, нөмірлер мен SIM-карталардың жарамдылық мерзімі болмайды. Біреу оларды ұзарту немесе ауыстыру керек деп қоңырау шалса — бұл алаяқтар. Мұндай жағдайда бірден тұтқаны қою керек. Алаяқтар кейде сізге SMS-код жіберуі мүмкін, тіпті ол 1414 деген жалған нөмірден келгендей көрінуі мүмкін. Бірақ бұл кодты ешқайда енгізбеу керек және ешкімге айтпау қажет. Жалпы Қазақстан мен басқа да ТМД елдерінде кодтар мен SMS-хабарламалар ең кең таралған әдістердің бірі болып қала береді. Маман тек хабарлама болып келетін кодты ғана емес, SIM-картаңыздың, нөміріңіздің қауіпсіздігіне мән беру керек дейді. Себебі алаяқтар SIM-картаңызға қол жеткізсе, мына әрекеттерді жасай алады:
1) Банктен, мемлекеттік қызметтерден және әлеуметтік желілерден келген SMS-кодтарды ала алады;

2) Интернет-банкингке кіре алады;

3) Сіздің атыңыздан несие рәсімдей алады;

4) Әлеуметтік желілер мен мессенжерлерге қол жеткізе алады;

5) Сіздің электрондық цифрлық қолтаңбаңызды өзгерте алады;
“Меніңше, код жазылған SMS — екі факторлы аутентификацияның ең кең таралған тәсілдерінің бірі. Алаяқтар адамдардың банк қосымшасына немесе жеке кабинетіне кіру үшін, ақша аударымдары мен төлемдерді растау үшін, сондай-ақ құпиясөзді қалпына келтіру үшін қолданады. Банктер, қаржы қызметтері, мемлекеттік қызметтер және тіпті мессенжерлері де (WhatsApp, Telegram) жеке тұлғаны растаудың негізгі әдісі ретінде телефон нөмірін пайдаланады. Сондықтан алаяқтың SMS-тегі кодқа қол жеткізгені — осы жүйелердің бәріне қол жеткізгені”, – дейді маман. 
Altel/Tele2 байланыс операторының ақпараттық қауіпсіздік бойынша менеджер
Абылай Еркебай
Абылай Еркебайдың айтуынша, егер Altel нөмірін қолданатындар өзіне алаяқтар қоңырау соқты деп ойласа, байланыс операторына хабарласып мән-жайды айтуына болады. Байланыс операторлары тексеріп, қажет болған жағдайда оны бұғаттайды. Дегенмен технология – бұл алаяқтардан қорғанудың бір ғана бөлігі. Нағыз қауіпсіздік шарасы — адамның өз әрекетіне саналы түрде қарауы.
“Әр адам өз деректерінің, құжаттарының және SIM-картасының қауіпсіздігіне өзі жауап береді. Алаяқтар көбіне техникалық қулықтарды емес, адамның мұқиятсыздығы мен сенгіштігін пайдаланады. Әрбір хабарламаға немесе қоңырауға бірден сене бермей,сыни ойлап, талдап үйрену қажет. Сыни ойлау – қазіргі цифрлық дәуірде қосымша мүмкіндік емес, міндетті қажеттілік”, – дейді Абылай Еркебай. 
Жеке шотымды жалға беремін деп, 12 миллион теңгеге айыппұл төлеуге мәжбүрмін
Қарағандылық Адай Бекбаев өзінің кәсібін белгісіз адамдарға онлайн жалға беріп, алаяқтарға алданып қалды. Енді ол 12 миллион теңге айыппұл төлеуге мәжбүр. Адай Instagram желісінен “Жалға аламыз” деген жарнаманы көріп, олармен байланысқан. Whatsapp арқылы олармен үш күн сөйлескен. Олар “онлайн дүкеніңізді жалға алып, ол арқылы балаларға арналған тауар сатамыз” деп айтқан. 
“Бірақ соңында олар алаяқтар болып шықты. Олар бірінші күні-ақ менің атымнан 12 миллион теңгеге сатылым жасап, ақшаны шешіп алып, кейін мені бұғаттап тастады. Ешқандай салық ақшасын да, сыйақыны да бермеді. Ол аздай, 12 миллион теңгеге сатылым жасағанымен, ол тауарларды адамдарға жеткізбеген. Яғни клиенттер ақшаны менің шотыма аударған, бірақ тауарын алмаған. Мысалы, бір адамға менің атымнан 950 мың теңгеге шот жіберген. Ол адам квадроцикл сатып алу үшін ақша аударған. Қазір онлайн дүкенімде оның ақша аударғаны, бірақ менің тауарды жеткізіп бермегенім жазылып тұр”, – дейді Адай Бекбаев. 
Адай Бекбаев
Қарағанды тұрғыны
“Тәулік соңында сатылымнан түскен пайданың 6%-ын, оның ішінде 3%-ын салыққа, 3%-ын жалға бергеніңіз үшін ақы ретінде аударамыз” деп сендірген. Өкінішке қарай, Адай ресми келісімшарт жасамаған. Тек желідегі жарнаманың қаралымы, лүпілі көп болған соң, сенім артқан. Кейін ол полицияға арыз жазған. Бірақ полиция алаяқтарды табу мүмкін емес екенін айтқан. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Барлық дәлелге қарамастан, сот Адайды кінәлі деп танып, оның онлайн дүкеніне төлем жасаған адамдардың ақшасын қайтаруды міндеттеген.
"Ақша онлайн әмиянға түскен сәтте-ақ, олар оны дропперлердің есепшотына аударған. Дропперлер бұдан өз үлестерін алады, кейін ақшаны криптовалюта биржаларына немесе басқа жолдармен аударып жібереді. Осы оқиғадан түсінгенім: әлеуметтік желіде немесе интернетте бейтаныс адамдарға сенуге болмайды. Өте тиімді ұсыныстарға, шұғыл шешім қабылдауға итермелейтін әрекеттерге күмәнмен қарау керек. Қаржылай деректер мен жеке ақпаратты тексермей ешкімге бермеген дұрыс. Бұл оқиғаны айтып, мені біреу аяғанын қаламаймын. Бар ойым – барынша көп адам бұл туралы біліп, осындай алаяқтықтан сақ болсын деймін", – деп түйіндеді Адай Бекбаев.
Адай Бекбаев – алаяқтардың құрбаны әрі жанама түрде серіктесі атанды. Себебі оның басынан өткен жағдайда ол өзі де білмей дроппер болып отыр. Дроппер – өзінің картасы, шоты не онлайн дүкені арқылы өзге біреудің ақшасын қолма-қол етіп шешіп немесе аударып беретін делдал адам. Кейбірі Адай сияқты картасын, шотын, кәсібін жалға беріп те, дропперлік қызмет атқарады. Заңгер Нұрсұлтан Орынбековтың сөзінше, алаяқтар қазір жауапкершіліктен қашу үшін және іздерін жасыру үшін дропперлерді пайдаланады. 
Нұрсұлтан Орынбеков
Заңгер
“Ақша кімнің шотына түседі, сол жауапты болып тіркеледі. Өкінішке қарай, бізде дропперлерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. Алайда дропперлердің шотына түскен қаржы есірткі айналымына қатысты болса, сол кезде оларға жаза қарастырылуы мүмкін. Басқа да ақшалай алаяқтық әрекеттер тіркелсе, Азаматтық кодекстің 953-бабына сәйкес, “Негізсіз байлықты қайтару міндеті” бойынша Азаматтық сотқа талап-арызын жолдап, өндіре алады. Сонымен қатар екі арада келісімшарт жасалмай, үшінші адамға ақшаны аударып жіберген жағдайда да осы бап іске асырылады”, – деді Нұрсұлтан Орынбеков.
Айтпақшы, 2024 жылдан бастап елімізде алаяқтарға қарсы жүйе, антифрод іске қосылды. Бұл – банкке, Ішкі істер министрлігіне, байланыс операторларына алаяқтыққа қатысы бар істің бәрін тіркеуге, деректерді жинауға мүмкіндік беретін платформа. Оған қоса мұнда осы күнге дейін дроппер қызметін көрсеткендердің тізімі бар. Мұндай адамдардың әдетте шоты бұғатталады. Сонымен бірге қазір елде дроппер қызметіне қатысты Қылмыстық іс ретінде қозғау мәселесі қозғалып жатыр. Сондықтан жастарға өзге біреудің ақшасын аудармауға, шығармауға кеңес береміз.
Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл талдауы басқармасының аналитикалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Салтанат Кульпеисованың айтуынша, банк есепшот арқылы жүргізілетін барлық операцияны бақылап отырады және күмәнді жағдай туындағанда операцияларды тоқтатып, тексеру жүргізеді. Банктерде нақты уақыт режимінде транзакцияларды тоқтата алатын антифрод-транзакциялық жүйелер бар. Зардап шеккен адам күмәнді транзакцияларды байқап, уақытында банкке хабарласса, есепшотын бұғаттап үлгереді. 
“Кәсіпкер алаяқтардың құрбанына айналса, одан жауапкершіліктің бір бөлігін алып тастау мүмкіндігі істің нақты мән-жайына және қолданыстағы заңнамаға байланысты болады. Егер кәсіпкер алаяқтық әрекеттер туралы білмеген және өзінің бизнесін қорғау үшін барлық орынды шараларды қабылдағанын дәлелдей алса, бұл оның жауапкершілігін жеңілдетуге көмектесуі мүмкін”, – дейді Салтанат Кульпеисова. 
Жоғарыдағы оқиғаларды сарапшылардың кеңесімен талдай отырып, материалдың қорытындысында алаяқтардан қорғану үшін мынадай кеңестерді ұсынамыз:
1) Ұялы телефоныңызды, нөміріңізді қауіпсіз ұстаңыз. Бейтаныс нөмірлердің қоңырауына жауап бермеуге тырысыңыз;

2) Нөміріңізге келетін код санын ешкімге айтпаңыз.

3) Алаяқтар хабарласқанан түсінсеңіз, бірден тұтқаны қойыңыз.

4) Алаяқтар несие рәсімдеді деп күмәндасаңыз, өзіңіз банкке хабарласыңыз немесе бөлімшесіне барыңыз. Алаяқ несие рәсімдеп үлгерсе де, уақыт созбай банкке, полицияға хабарласыңыз.

5)Нөміріңізге, ақшаңызға, кодтарға және тағы басқа маңызды нәрсе бойынша кім хабарласса да, жағдайды толық түсініп, сыни тұрғыдан зерттеп қана шешім қабылдаңыз.
Сонымен қатар төмендегі подкаста мамандар осыған дейін қандай алаяқтық әдістерімен кездескенін, олардан қалай қорғану керегін айтып берді. Оған қоса сарапшылар алаяқтарға алданғанда байланыс операторлары, банкттер қалай әрекет ететінін айтты.
Бұған дейін жоба аясында жазған мақалаларымызды оқи отырыңыз:

“Қатты шаршаймын”: интернеттегі ақпарат сізге қалай әсер етеді?

“Таратпас бұрын ойланыңыз”: Неліктен ақпаратты біреуге жібермес бұрын тексеру керек?

"Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі": Лайк, пікір, репост үшін жауапқа тартылып кетуіңіз мүмкін бе?

“Мына суреттегі сен бе?”: интернеттегі алаяқтардан қалай сақтануға болады

“Келісімсіз жіберілген нюдс — зорлық”. Интим суретіңіз желіге тарап кетсе, не істеу керек?

"Алаяқтар аккаунтыңызды 7-8 минутта-ақ бұза алады": Интернеттегі қаржы қауіпсіздігі деген не?

Әлі де пираттық контентті тұтынасың ба? Интернеттегі авторлық құқық не екенін біл

"Енді нені басамын?": Егде жастағы адамдарға смартфон тілін қалай үйретуге болады

“Эй, түйет*бан!": балаңыз кибербуллинг жасаса не құрбаны болса, не істеу керек?

“Ұзақ аудио жіберме”: Желідегі әдеп ережелері жайлы не білу керек
Барлық құқықтары қорғалған
Жобамен бөлісу